Қарағандыда «Қазақстанның үздік тауары – 2025» көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтеді
19 қыркүйекте Қарағандыдағы Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығында республикалық «Қазақстанның үздік тауары – 2025» көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтеді. Қарағанды тұрғындары мен қонақтары жергілікті өндірушілердің түрлі өнімдерімен танысып қана қоймай, өздеріне ұнаған тауарларды сатып ала алады. Кіру тегін.
Іс-шараның мақсаты – қазақстандық өндірушілерді қолдау және олардың өнімдерін кеңінен насихаттау, шағын және орта бизнесті дамыту, отандық өнімдерді тұтыну мәдениетін қалыптастыру және нарықты сапалы әрі бәсекеге қабілетті тауарлармен толықтыру.
Байқау үш номинация бойынша өткізіледі:
- Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар;
- Халық тұтынатын үздік тауарлар;
- Үздік азық-түлік тауарлары.
Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады. Биыл көрмеге Қарағанды облысының түрлі өндіріс саласындағы 70-тен астам компания қатысады. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары республикалық финалдық кезеңге жолдама алып, «Қазақстанның үздік тауары» атағына үміткер атанады.
Сонымен қатар байқау аясында Қарағанды облысы әкімінің сапа саласындағы жетістіктер үшін арнайы сыйлығы табысталады.
Қонақтарды ауқымды көрме, концерттік бағдарлама және салтанатты марапаттау рәсімі күтеді. «Қазақстанның үздік тауары» ұлттық байқауы 2006 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өткізіліп келеді.
Көрме-байқау сағат 10:00-де басталады. Кіру тегін.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: