«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе облысында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесінің 9 жеңімпазы анықталды

2025 жылғы 11 Шілде
- Ақтөбе облысы
429 просмотров

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің кезекті кезеңі өтті. Бұл байқау оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Іс-шараға 30-дан астам жергілікті кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынды.

Көрменің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, Өңірлік кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Қатысушылар ұсынылған өнімдермен танысып, тауар сапасына жоғары баға берді.

«Мемлекет басшысы отандық өндіріске, қазақстандық тауарөндірушілерге қолдау білдіріп, саланы дамыту және халықты жұмыспен қамтудың маңыздылығын әрдайым атап өтеді. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнім көлемі 1 155,3 млрд теңгені құрады, 102,6% өсімге қол жеткізілді. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 34-тен 41%-ға дейін өсті. Бұл - облыстың шикізатқа тәуелділіктен арылуының және өңдеу өнеркәсібі дамып жатқанының дәлелі. Бүгінгі таңда өңірде СТ-КЗ сертификаты бар 145 кәсіпорын және Индустриялық сертификаты бар 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз әрдайым бизнеске ашықпыз, қолдауға дайынбыз. Сонымен қатар, бүгінгі көрменің арқасында жаңа серіктестік қатынастар орнайды, тың идеялар туады деп сенемін»,  - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Айта кету керек, бүгінгі таңда өңірде кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ерекше көңіл бизнес-ахуалды жақсартуға, инвестиция тартуға, арнайы экономикалық аймақ құруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінуде. Өңір басшысы өнеркәсіптік өндіріс көлемі тұрақты өсіп келе жатқанын, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Көрмеде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Келушілер азық-түлік пен өзге де тауарларды өндіруші бағасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды:

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында көш бастағандар: «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС (муфталы және насос-компрессорлық құбырлар өндірісі), «Спецобувьторг» ЖШС (арнайы қорғаныс аяқ киім өндірісі) және «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС (рельс өнімдері мен фасонды прокаттар өндірісі).

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаздар: «Зәру» шаруа қожалығы (пантогематоген өндірісі), «Амандос Айнель» ЖК (ұлттық киімдер өндірісі) және «PC Grant» ЖШС (тұрмыстық химия өндірісі).

«Азық-түлікке арналған үздік тауарлар» номинациясында үздіктер деп танылғандар: «Gazer» ЖШС (сүт өнімдері өндірісі), «Greenhouse Kazakstan» ЖШС (қызанақ өндірісі) және «GREEN VITAMIN» ЖШС (мұздатылған бидай өскіндерінің шырыны өндірісі).

«Спецобувьторг» ЖШС өкілінің айтуынша, беделді байқауда жеңіске жету – танымалдылықпен қатар, жаңа мүмкіндіктер мен артықшылықтарға жол ашады, әрі бұл алдағы жетістіктерге үлкен мотивация береді.

«Біз аяқ киім шығара отырып, осы салада стандарттарды қалыптастырамыз. Шикізат – қазақстандық. Байқаудан күтеріміз – сату нарығын кеңейтіп, мемлекеттік сектор мен бизнес өкілдерімен бейресми байланыс орнату», – дейді «Спецобувьторг» ЖШС өкілдері.

Шараны Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Алда олар облыс атынан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысады.

«Бүгінгі жеңімпаздар Ақтөбе облысын республикалық деңгейде лайықты таныстыратынына сенімдіміз. Өңір дамып келеді: инвестициялық пулда – 74 жоба, 86 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Әсіресе, өңдеуші өнеркәсіптің – тамақ, жеңіл, құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия өндірісінің – қарқынды дамуы қуантады. “Ақтөбеде жасалған” деген белгімен шығарылатын тауарлар ел ішінде ғана емес, шет елдерде де танымал болуы маңызды. Өз кезегінде Палата бизнес-ахуалды жақсартуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді. Себебі экономиканың күші – өз тауары мен кәсіпкерінде», – деді Өңірлік палатаның директоры Дидар Боранқұлов.

Іс-шара аясында АО «Өнеркәсіпті дамыту қоры» бағдарламалары, «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасының шарттары, Қазақстанның Экспорттық кредит агенттігінің қолдау құралдары, сондай-ақ тауар таңбаларын тіркеу және экспорттық акселерация бағдарламалары бойынша панельдік сессия өтті.

Сондай-ақ Ақтөбе облысы әкімдігі, Кәсіпкерлер палатасы және жер қойнауын пайдаланушылар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі мен «Кәсіби маман» өңірлік байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Толық келесі материалдарда жарияланатын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер