«Бір ауыл – бір өнім» өңірдің үздік 10 брендін анықтады
Ақтөбе облысында өткен «Бір ауыл – бір өнім» атты үшінші өңірлік көрме жергілікті шикізаттан өнім өндіруші елуден астам кәсіпкерді біріктірді. Бұл бастама жергілікті өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Көрмеге облыс басшысы Асхат Шахаров, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен «Атамекен» ҰКП Шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері Департаментінің «Бір ауыл-бір өнім" жобасын іске асыру және мониторингі жөніндегі жетекшісі Гүлнар Сейтжаппарова қатысты. Жалпы саны 52 тауар өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Комиссиялық жұмыс тобы жергілікті шикізат негізінде жасалған үздік он өнімді іріктеп алды.
Дәстүр бойынша көрме жәрмеңке форматында өтті. Облыстың әр түкпірінен және Ақтөбе қаласынан келген кәсіпкерлер өздерінің жаңа тауарларын тұтынушыларға ұсынып, нарықты кеңейтуге мүмкіндік алды. Мұнда болашақ брендтердің қалыптасу тарихына үңілуге болады. Ассортимент өте алуан түрлі болды: сүт және ет өнімдері, қолөнер бұйымдары, тоқыма, этникалық нақыштағы зергерлік бұйымдар, керамика, сабын және т.б.
Көрме-байқаудың келесі кезеңіне өткен 10 жартылай финалист енді өз жобаларын өңірлік бренд-комитет алдында қорғайды. Марапаттау рәсіміне Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова қатысты.
Жартылай финалға өткен қатысушылардың есімдері:
- • Жеке кәсіпкер Жұмабекова Гүлжанат – ешкі сүтінен сабын өндіру, Әйтеке би ауданы
- • Жеке кәсіпкер «Эко өнім» Мұрзагүл Жасмир – құлпынай өсіру, Алға ауданы
- • Жеке кәсіпкер Абданбаева Алина – шоколады бар құрт өндіру, Ақтөбе қаласы
- • Жеке кәсіпкер Ровенский Николай – бал өндіру, Қарғалы ауданы
- • «Нұр-МТС» шаруа қожалығы, Сатаева Нұрслу – сүт өнімдерін өндіру, Қобда ауданы
- • «ЗАРУ» шаруа қожалығы, Тлегенова Бану – бұғы мүйізінен өнімдер өндіру, Мәртөк ауданы
- • Жеке кәсіпкер Зубков Виталий – талдан бұйымдар өндіру, Мәртөк ауданы
- • Жеке кәсіпкер Ешмағамбетова Аманкүл – түйе жүнінен бұйымдар өндіру, Шалқар ауданы
- • Жеке кәсіпкер Болысбай Айнұр – сүт өнімдерін өндіру, Шалқар ауданы
- • Жеке кәсіпкер Несібе Құдайбергенов Бекет – түйе жантағынан шай өндіру, Шалқар ауданы.
Арнайы жұмыс тобы кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың және бизнес өкілдерінен құралған. Айта кету керек, осы үздік ондықтан бренд-комитет үш жеңімпазды анықтап, олар Ақтөбе облысының атынан республикалық деңгейде өкілдік ететін болады.
Жеңімпаздарды таңдауда өнім өндірісінде тек жергілікті шикізат пен қол еңбегінің қолданылуына баса назар аударылды. Сондай-ақ, өнім дизайнының әлеуеті, қаптамасы, тауардың өңірлік ерекшеліктері және оның ішкі және сыртқы нарықтарға шығу әлеуеті бағаланды.
«Біздің қызметіміздің артықшылығы – кластерлік жүйеде жұмыс істейтінімізде. Шаруашылықта шамамен 300 бас ірі қара бар. Шикізатты өзіміз өңдеп, өз брендімізбен, стерильді, арнайы қаптамада қышқыл сүт өнімдерін өндіреміз. Біздің мақсатымыз – ауыл бизнесінің де оқытылып, ірі сауда желілеріне шығып, нарықта еркін бәсекелесе алатынын көрсету», – дейді «Qobda Milk» брендімен танымал «Нұр МТС» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрсулу Сатаева.
Бұл көрме жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізілді. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өнімді брендтеу және нарыққа шығару бойынша көмек көрсетіледі, сондай-ақ өндірістік технологиялар мен маркетинг бойынша тегін оқыту курстары ұйымдастырылады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасын Қазақстанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік филиалдары іске асырады. Бұл жоба жергілікті шикізаттан өнім әзірлеуге және оны ілгерілетуге бағытталған және кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнімді дамыту тұжырымдамасына негізделген. Бұл идея Жапонияда бастау алған. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы құнын арттыру.
Ақтөбеде «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының өңірлік кезеңі аясында өткізілгенін атап өтеміз. Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың айтуынша, бизнес-жәрмеңке тауарлардың көрмесі ғана емес, тәжірибе алмасу, жаңа серіктестіктер мен өңір кәсіпкерлеріне шабыт беру алаңына айналды.
Айта кетейік, іс-шараға екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бір қатар қатысушыларын өз сыйлықтарымен атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: