«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Үзіліссіз өткен жыл. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы 2025 жылы халықаралық бағытта қалай жұмыс істеді

2025 жылғы 30 Желтоқсан
1511 просмотров

2025 жыл Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы үшін үзілістер мен құр декларациялардан ада, тоқтаусыз әрі қарқынды жұмысқа толы жыл болды. Он екі айдың ішінде Палата шағын жұмыс кездесулерінен бастап, мемлекет басшыларының қатысуымен ұйымдастырылған ірі халықаралық форумдарға дейін 128 іс-шара өткізді. Бұл тығыз күнтізбе елдің сыртқы экономикалық позициясының кезең-кезеңімен қалай күшейгенін, серіктестік желісінің кеңейіп, қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын айқын көрсетті.

Палатаның жүйелі қызметінің негізін ең көп сұранысқа ие әрі барынша нәтижелі форматтағы 53 іскерлік кездесу құрады. Дәл осы алаңдарда нақты жобалар, компаниялардың сұраныстары, логистика, құқықтық сүйемелдеу және өзара іс-қимылдың келесі қадамдары талқыланды. Жыл бойы ССП Қытай, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және ТМД елдерінің кәсіпкерлер делегацияларымен, сауда-өнеркәсіп палаталарымен, бизнес-қауымдастықтармен, халықаралық корпорациялармен, қаржылық және логистикалық құрылымдармен кездесу ұйымдастырды. Бірқатар мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілерімен орнатылған байланыстар да маңызды рөлге ие болды. Жапония мен Италиядан бастап, Солтүстік Африка мен Балтық жағалауы елдеріне дейінгі ауқымды география ынтымақтастықтың саяси-іскерлік аясын кеңейтіп, бизнес диалогы үшін қосымша арналар ашты.

Жұмыс кездесулермен қатар, Сыртқы сауда палатасы халықаралық алаңдарда да белсенділік танытты. Осы жылдың ішінде 25 бизнес-форум, 22 іскерлік кеңес отырысы, оның ішінде көптарапты ірі іс-шаралар да өткізілді. Қазақстанның Еуропалық Одақ, Таяу Шығыс және Еуразия елдерімен екіжақты іскерлік кеңестері ұйымдастырылды. Екі ел арасындағы экономикалық диалогтың тұрақтылығы мен кемелдігін дәлелдеген Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің мерейтойлық X отырысы ерекше белес болды. Сондай-ақ, ШЫҰ Іскерлік кеңесінің 26-отырысы, Бакудегі АӨСШК Іскерлік кеңесінің 8-отырысы, «Орталық Азия – Қытай» Іскерлік кеңесінің 2-отырысы және Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесінің 8-отырысы көпжақты экономикалық өзара іс-қимылдың бағытын айқындап, болашақ басымдықтарды белгіледі.

Палата жұмысының маңызды бөлігі келісімдер мен меморандумдарға қол қою шаралары болды. Жыл бойы кемінде осындай 6 құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер өзара уағдаластықтарды ресми түрде бекітіп қана қоймай, оларды практикалық іске асыру кезеңіне өткізді және одан әрі ынтымақтасуға берік институционалдық негіз қалады.

ҚССП-ның 2025 жылғы халықаралық қызметі айқын көпвекторлы сипатымен ерекшеленді. Іс-шаралардың ең көбі – 21 оқиға Қытаймен байланысты болды. Бұл серіктестіктің стратегиялық маңызын және екіжақты тауар айналымын екі еселеу міндетін айшықтады. Жапония тарапымен де белсенді жұмыс жұргізілді: осы жылдың ішінде шамамен жеті іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, Әзербайжан, Иран, Иордания, Италия, Сауд Арабиясы, Түркия, Швейцария, Өзбекстан, Ресей, Франция, Германия, БАӘ, Венесуэла және басқа да елдермен байланыстар дамыды. Мұндай кең ауқымды шаралар Палатаға дәстүрлі нарықтармен бірге, қазақстандық бизнес үшін жаңа бағыттармен де жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

2025 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен төрт маңызды іс-шара ереше орын алды. 31 наурызда Ақордада Словения Президентінің ресми сапары аясында Палата жоғары деңгейдегі келіссөздердің экономикалық мазмұнын құрайтын рөлін айшықтай түсіп, келіссөздердің іскерлік мәнін қамтамасыз етті. 27 тамызда Астанада Қазақстан–Иордания бизнес-форумы өтті. Жиынға Қазақстан Президенті мен Иордания Королі Абдалла II қатысып, сауда, инвестиция және логистика бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ашты. 2 қыркүйекте Пекиндегі Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 8-отырысы Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өтті. Бұл іс-шара Қытай бағыты бойынша жылдың негізгі оқиғасы болды. 28 қазанда Астанада Қазақстан Президенті мен Финляндия Президенті Александр Стубб қатысқан форум өтіп, технологиялар, инновациялар және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындап, жоғары деңгейдегі байланыстардың ауқымын кеңейтті.

Бұл оқиғалардың барлығы жылдың біртұтас, қисынды бейнесін құрастырды. Операциялық деңгейде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ондаған жұмыс кездесулері, форумдар мен іскерлік миссияларды жүргізсе, стратегиялық деңгейде Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін халықаралық алаңдардың күн тәртібіне үйлесімді түрде енді. 2025 жылы Палата өзін жай іс-шара ұйымдастырушы емес, мемлекеттік экономикалық саясатты іскерлік ортада іске асырушы, күнделікті, көбіне көзге көрінбейтін қажырлы еңбегі қазақстандық бизнестің өсуі мен халықаралық алаңға шығуына мүмкіндік беретін толыққанды институ ретінде көрсете білді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174