«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өмір бойы білім алу: «Атамекен» кадр даярлаудың жаңа моделін қалыптастыруда

2025 жылғы 30 Желтоқсан
633 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 13 жыл бойы экономиканың нақты қажеттіліктеріне сай кадрлар даярлауға бизнес-қоғамдастықты тарту жөніндегі негізгі міндеттердің бірін жүйелі түрде іске асырып келеді. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып, жұмыс берушілердің дуальды оқыту және жастарды ерте кәсіби бағдарлау жүйесіне қатысуын ынталандыратын тетіктер енгізілді.

Дуальды оқыту аясында студенттерді тартудың қандай артықшылықтары бар? Негізгі басымдықтардың қатарында кадрларға деген қажеттілікті, оның ішінде өндірістегі жұмыстың қызған шағында қызметкерлер тапшылығын жедел жабу, персоналға жұмсалатын шығындарды азайту, функцияларды білікті кадрларға бөліп беру арқылы еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ бизнеске қажетті нақты міндеттерге сай қызметкерлерді мақсатты түрде іріктеу және даярлау мүмкіндігі бар. Жұмыс берушілер үшін ерекше құндылық – мектеп немесе колледж кезеңінде-ақ ынталы білім алушыларды ерте іріктеу.

«Атамекен» ҰКП өкілдері өндірістік көрсеткіштердің тұрақты өсімі тікелей меншікті кадрлық әлеуетті қалыптастырумен байланысты екенін атап өтті. Мұндай тәсіл сыртқы еңбек нарығына тәуелділікті азайтуға, технологиялық үрдістерді оңтайландыруға және өндірісті басқару деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйенің негізгі элементі – практикалық тәжірибені тиімді жеткізу әдістерін меңгерген, кәсіпорынның білікті қызметкері қатарындағы тәлімгер. Ұлттық палатаның бастамасымен дуальды оқыту аясындағы тәлімгерлік серіктес техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі арқылы жүзеге асырылуда.

Тәлімгерлік институтының дамуына «Атамекен» ҰКП-ның Еуропалық білім беру қоры (ЕБҚ – Еуропалық Одақ агенттігі, көршілес елдердің білім беру, оқыту және еңбек нарықтарын реформалауға қолдау көрсетеді), British Council (мәдениет пен білім беру саласында жұмыс істейтін халықаралық ұйым) және Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammenarbeit (GIZ – халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамы, орнықты дамуға, өмір сүру жағдайларын жақсартуға және білім беру саласындағы тиімді мемлекеттік басқаруға жәрдемдеседі) ұйымдарымен көпжылдық халықаралық ынтымақтастығы ықпал етті. Мультипликаторларды оқыту нәтижесінде еліміздің өңірлерінде 20 Тәлімгерлік мектебі ашылып, онда дуальды оқытуға қатысатын, ҰКП Реестріне енгізілген кәсіпорындардан 3 500-ден астам тәлімгер даярланды.

Жүйелі тәлімгерлікті дамытудың өзектілігі бүгінде жұмыс берушілер тап болып отырған негізгі сын-қатерлермен байланысты: кадр тапшылығы, теория мен практиканың алшақтығы, жас мамандардың жұмыс орнына ұзақ бейімделуі және бірқатар оқу орнындағы өндірістік практиканың формалды сипат алуы. ҰКП-да бұл мәселелерді шешудің жолы – мультипликаторлардың рөлін күшейту, Ұлттық біліктілік жүйесі мен кәсіби стандарттар шеңберінде тәлімгерлікті дамыту, сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңның 13-бабына сәйкес өңірлік адами капиталдар (ӨАК) қызметін қайта қарау екені атап өтіледі.

Бүгінде ҰКП жұмыс орнындағы оқыту тәлімгерінің кәсіби стандартын, оқу бағдарламасын әзірлеп, 10 күн ішінде 22 тренер-мультипликаторды оқытты. Оқыту семинарларының қорытындысы бойынша дәрісті тыңдаушылар теориялық және практикалық материалды меңгеру деңгейін бағалау үшін тестілеуден өтіп, кері байланыс аясында жазбаша эссе ұсынды. Нәтижелер бағдарламаның жоғары сұранысқа ие екенін және бизнес үшін практикалық маңыздылығын растады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дуальды оқыту мен тәлімгерлік институтын Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілетті кадрлық әлеуетін қалыптастырудың негізгі құралы ретінде дамыту жөніндегі жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174