Астанадағы сыртқы жарнама: жаңа ережелер мен ескі мәселелер
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында сыртқы жарнама мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Қатысушылар Астана қаласы мәслихатының «Елді мекендер аумағында ғимараттардан тыс ашық кеңістікте, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ елді мекендерден тыс және автомобиль жолдарының жолағынан тыс аумақта сыртқы жарнаманы орналастыру тәртібі мен шарттарын бекіту туралы» шешімінің жобасын талқылады.
Жиында талқыланған басты мәселелердің бірі - қаланың дизайн-кодын енгізу болды. ҚР Қоғамдық тамақтану саласының өзін-өзі реттейтін ұйымының төрайымы Вероника Даугалиева атап өткендей, құжат әлі бекітілмегеніне және нақты ережелердің жоқтығына қарамастан, қасбеттік маңдайшаларды алып тастау жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге кәсіпкерлер логотипі бар маңдайшаларды келісу кезінде жиі кедергілерге тап болып отыр, себебі Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы тіркелген тауарлық белгілерді негізге алып, бас тартуды жиілеткен.
Қала сәулет басқармасының бас маманы Рауан Жақсылықова түсіндіргендей, «Жарнама туралы» заңға сәйкес сыртқы жарнаманы орналастыру хабарлама түрінде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер келісім алу үшін эскизді екі тілде ұсынуы тиіс. 2023 жылдан бастап барлық көпқабатты үйлер үшін бөлек маңдайша тұжырымдамалары бекітіледі және ең алдымен олардың болуы тексеріледі. Осыған орай «Астана-Жарнама» қызметкерлері нысанға барып, бағалау және келісім жүргізеді. Заңды түрде негізделген бас тарту рәсімде қарастырылмағандықтан, жаңа ережелерде жарнама орналастырудың нақты тәртібін бекіту жоспарлануда.
Жарнама бизнесінің өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Ирина Нуралина мен Самвел Хоцанян Бюджет кодексінің жүгірмелі жолдарға қолданылуындағы белгісіздіктерге, қай органның мониторинг жүргізетініне және мәтіндерді келісу рәсімінің айқын еместігіне назар аударды. Олардың пікірінше, кондоминиумды басқару органдарымен міндетті келісу кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіреді. Олар жарық қораптарды тыйым салынған пішіндер тізімінен алып тастауды, логотипі бар бағыттаушыларды салық салынбайтын ретінде тануды, жал мерзімі аяқталғаннан кейін демонтаж тәртібін нақтылауды және осы үдерістегі жауапкершілікті бөлу тәртібін белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ тілдерді дамыту басқармасымен мәтінді келісуді ескере отырып, хабарламаларды қараудың бірыңғай мерзімін бекіту ұсынылды.
Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкер әйелдердің саларалық кеңесінің төрайымы Сания Ирсалиева қолжетімді дизайн-кодтың болмауы келісу рәсімін ашық емес етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде әртүрлі органдардың функциялары қайталанып, демонтаж және шығынды өтеу тәртібі нақты емес, бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасында теңсіз жағдай қалыптасқан. Ол әрбір тұрғын үй кешені үшін бөлек дизайн-код бекітудің орынсыздығын атап көрсетті.
Ұқсас қиындықтарға кәсіпкер Зарина Кокжанова да тап болды. Өткен жылы Палата мен прокуратураның қолдауымен ол дизайн-кодқа сәйкес келмейді деген себеппен маңдайшаны сүруге қатысты дауды өз пайдасына шешкен. Негізгі дәлел ретінде тіркелген тауарлық белгі ұсынылған. Қазір мәселе лайт-бокстарға қатысты туындап отыр: кәсіпкерлерге олардың формасы тіркелген белгі элементіне сәйкес келмесе, орнатуға рұқсат берілмейді. Кокжанова мысал ретінде белгі дөңгелек элементпен тіркелгенін, алайда іс жүзінде төртбұрышты лайт-бокс қажет болған жағдайды келтірді. КГУ «Астана-Жарнама» директорының орынбасары Ермекбай Дулат барлық ұсыныстар дизайн-код жобасын жетілдіру барысында ескерілетінін жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс тобы барлық ұсыныстар мен ескертулерді Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына жолдау туралы шешім қабылдады. «Астана-Жарнама» 6 қазанға дейін Палатаға дизайн-код жобасын ұсынуы тиіс. Оны қарағаннан кейін Кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытынды дайындайды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы, Ұлттық зияткерлік меншік институты, Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, «Астана-Жарнама» және Сәулет басқармасының қатысуымен кеңейтілген отырыс өткізілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: