«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауыл бизнесі — назарда: жаңа нысандар, өзекті мәселелер және Кәсіпкерлер палатасының қолдауы

2025 жылғы 18 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
574 просмотров

Ауылдағы бизнесті дамытуға және оның өркендеуіне қолдау көрсету – Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта кәсіпкерлермен тікелей кездесулер мен ашық диалог форматы жалғасуда. Кезекті жұмыс сапары Қарғалы ауданында өтті. Палата директоры Дидар Боранқұлов пен өңірлік кеңестің мүшесі, «Ауыл» партиясынан облыстық мәслихат депутаты, тәжірибелі агробизнес өкілі Кәмшат Төлеуова жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың жоспарлары мен өзекті мәселелерін талқылады.

Негізгі нысандардың бірі – Қосестек ауылындағы «Gazer» ЖШС. Компания бұрын жеке кәсіпкер «Өтегенов Е.К.»-ге тиесілі болған шағын сүт өңдеу цехын қалпына келтіруді қолға алды. 2016 жылы құрылған кәсіпорын жаңа иесінің жеке инвестициялары есебінен екінші тынысын ашуда. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, цех тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт өңдеп, өңірге танымал «Біздің таңдау» маркасымен өнім шығаруды жоспарлап отыр. Компания жетекшісі Әнуар Төлепбай өндірісті Ақтөбеден Қарғалы ауданына көшіру туралы стратегиялық шешім қабылдағанын айтты.

«Бұл жерде шикізаттық база мен өсу әлеуеті бар екеніне сенімдіміз. Бұл тек қайта өңдеудің дамуына ғана емес, ауылда жаңа жұмыс орындарының ашылуына да үлес қосады», — деді ол.

Нысанды аралау барысында аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев та болды. Жоба барысымен танысып, ол қосымша жер телімдерін бөлу және инфрақұрылым мәселелерін шешу бағытында қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында «Степное» ЖШС де назардан тыс қалмады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, өндірістік цикл мен ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы қаралды. Шаруашылықты 40 жылдан бері басқарып келе жатқан Аманғос Төлеуов егістіктен бастап қайта өңдеуге дейінгі толық циклді қалыптастырған. Күн сайын Ақтөбе тұрғындарының дастарханына нан, ет, жартылай фабрикаттар жеткізіп отырған бұл кәсіпорын аймақты нанмен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік жобаларды дамытып келеді. Жақын арада шұжық шығаратын цехын жаңғырту жоспарлануда, ал бұл үшін қаржыландыруға қолжетімділік мәселелері талқыланды.

Петропавл ауылында кәсіпкер Вадим Халиуллин шұжық өнімдерін өндірумен айналысады. Оның «BEEFBONS KZ» серіктестігі 2017 жылдан бері мал шаруашылығы мен қайта өңдеуге маманданған. Кәсіпкерлер палатасы өнімнің сәйкестік сертификатын алу ісінде кеңес көрсетпек.

Желтау ауылдық округіндегі «Ардағым» шаруа қожалығы тауарлық балық шаруашылығымен және бекіре тұқымдастарды өсірумен табысты айналысуда. Шаруашылықта 15 арнайы тоған бар. Инкубациялық жабдықпен жабдықталған жабық су айланым жүйесі (УЗВ) аналық тұқымды және шабақтарды өсіруге мүмкіндік береді. Қожалық Ақтөбе нарығына жаңа балық жеткізіп, облыс су айдындарын балықтандырып отыр.


«Даму жоспарымызға тауарлы-бекіре фермасын кеңейту мен жаңғырту, жаңа УЗВ объектілерін және тоғандарды салу кіреді», — дейді Ардақ Исмаилов.

Шаруашылыққа қаржыландыруға қолжетімділік және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу бойынша кәсіби сүйемелдеу қажет.

Тағы бір нысан — жеке кәсіпкер Айнагүл Исалиеваның Қосестек ауылындағы этнотуризм жобасы. Мұнда қазірдің өзінде қонақтарды киіз үй, көру алаңы мен атпен серуен қызметі қарсы алады. Алдағы уақытта бес киіз үй тігіп, сақ моншаларын салу, этностильдегі балалар лагерін ашу жоспарлануда. Кәсіпкерлер палатасы туризм салалық кеңесіне қосылуға, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беруге, туристік маршрут жасауға және инфрақұрылымдық мәселелерді (мысалы, электрмен жабдықтау) шешу үшін құқықтық көмек ұйымдастыруға қолдау көрсетеді.

«Мұндай сапарлар жай ғана жұмыс сапары емес, бизнестің жағдайын тікелей тыңдау мен кері байланыстың маңызды құралы. Қаржыландыруға қолжетімділік, қайта құруға, кеңейтуге, техника алуға арналған бағдарламаларға қатысу, өнімді сертификаттау мен маркетинг мәселелері, сондай-ақ жер телімдері мен инфрақұрылымға қолжетімділік сияқты өткір тақырыптар осындай кездесулерде талқыланады», — дейді Палата директоры Дидар Боранқұлов.

 

«Ауылдардағы көптеген нысандар – мемлекеттік қолдауға, тұрақты шикізат базасына және кәсіби сүйемелдеуге тікелей тәуелді қайта өңдеу кәсіпорындары. Сондықтан мұндай кездесулер бизнеске тек үміт емес, сонымен қатар нақты құралдар береді», — деп толықтырды Кәмшат Төлеуова, ол агросектор жобаларын жүргізуде және сүйемелдеуде мол тәжірибесі бар маман.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы ауыл кәсіпкерлерімен кездесулерді жалғастырып, консультациялық сүйемелдеуді күшейтпек.

«Біздің міндетіміз – жай ғана тыңдау емес, көмектесу. Әр нысан бойынша бөлек кездесулер мен талқылаулар ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың қатысуымен өткізіледі», — деп қорытындылады Палата басшысы.

Сапарға аудан әкімінің орынбасары да қатысып, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді қарастыруға уәде берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174