«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абай облысында «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» жобалары аясында өңірлік көрме-байқау өтті

2025 жылғы 11 Шілде
- Абай облысы
224 просмотров

Семей қаласының Арбат алаңында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңі өтті. Бұл шара – өңір кәсіпкерлерінің еңбегін кеңінен насихаттап, отандық өнімнің сапасын арттыруға және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көтеруге бағытталған маңызды алаң.

Көрмеге облысқа қарасты қала және аудандардан 50-ге жуық кәсіпкер қатысты. Олар ұлттық нақыштағы бұйымдардан бастап, азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық қажетті тауарларға дейінгі түрлі бағыттағы өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Кәсіпкерлердің дені – өз ісін нық ұстанған, жергілікті шикізатқа негізделген сапалы әрі экологиялық таза өнім өндірушілер.

Көрменің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәлиұлы ұсынылған өнімдермен жеке танысып, кәсіпкерлердің жұмысына оң баға берді. Аймақ басшысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету – өңір дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағытта алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Іс-шара соңында Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйчинов қорытынды сөз сөйлеп, көрменің маңызы мен мақсатына тоқталды. Ол өңір кәсіпкерлерінің белсенділігін атап өтіп, олардың жетістіктері өңірдің экономикалық әлеуетінің нағыз бейнесі екенін айтты.

Шара соңында үздік деп танылған кәсіпкерлерге алғыс хаттар табысталды. Енді үздік деп танылған өнім өндірушілер республикалық деңгейдегі байқауда Абай облысының намысын қорғайтын болады.

Осы орайда Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы осы іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан облыс әкімдігі мен қалалық әкімдікке, сондай-ақ облыстық және қалалық кәсіпкерлік бөлімдері мен кәсіпкерлерге және көрме қонақтарына алғыс білдіреді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер