«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелер талқыланды

2026 жылғы 20 Қаңтар
- Түркістан облысы
681 просмотров

Бүгін Түркістанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Жыл қорытындысы: еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер палатасы, кәсіподақ ұйымдары, сақтандыру компаниялары мен жұмыспен қамту саласының мамандары қатысып, өңірдегі еңбек қатынастарының қазіргі ахуалы мен өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады.

Дөңгелек үстелдің күн тәртібінде еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік бақылаудың жай-күйі, жұмыс берушілерге көрсетілетін құқықтық көмектер, кәсіподақтардың қызметкерлер мүддесін қорғаудағы рөлі, еңбек нарығын дамыту және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелері қамтылды.

Алғашқы баяндаманы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Төлендиев жасап, өңірде атқарылған бақылау-қадағалау жұмыстары мен анықталған негізгі проблемаларға тоқталды.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жұмыс берушілерге көрсетілген құқықтық көмектер мен олардың заң алдындағы міндеттемелері туралы баяндады.

Өз сөзінде Палата директоры дөңгелек үстелдің басты мақсаты еңбек қатынастарын құқықтық тұрғыда дұрыс жолға қою және әлеуметтік әріптестікті нығайту екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялап, “Еңбек адамы заңмен қорғалған жерде ғана әділетті және тұрақты экономика қалыптасады” деп нақты бағдар берді. Бұл – біз үшін ортақ міндет», – деді Асылан Ибадуллаев.

Оның айтуынша, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы үшін жұмыс берушілерге көрсетілетін құқықтық көмек басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Негізгі мақсат – еңбек дауы туындағаннан кейін емес, оның алдын алу.

Осы бағытта Палата жанынан салалық кәсіпкерлер кеңестері құрылып, кәсіпорындардағы өзекті мәселелер, әкімшілік кедергілер мен еңбек қатынастарына қатысты түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Нақты көрсеткіштерге тоқталсақ,
2024 жылы салалық кеңестердің 35 отырысы өткізіліп, 41 мәселе қаралса,
2025 жылы бұл көрсеткіш 51 отырысқа жетіп, 69 мәселе талқыланған.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен барлық іс-шаралар еңбек қатынастарындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. 2025 жылдың ақпан айында өткен салтанатты ашылу барысында 2 300-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде жұмыс берушілерге еңбек заңнамасы, заңды жұмысқа қабылдау және еңбек шартын жасау мәселелері бойынша жеке консультациялар берілді.

Сонымен қатар жастар мен мектеп оқушыларына арналған мотивациялық кездесулерде жұмысшы мамандықтарының беделімен қатар, еңбек құқығы, жұмыс беруші мен қызметкердің міндеттері кеңінен түсіндірілді.
«Табысты колледж – 2025» және «Еңбек жолы» өңірлік конкурстары аясында еңбек адамының мәртебесімен бірге жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі де ерекше аталып өтті.

Палата директоры өз сөзінде жұмыс берушілердің негізгі міндеттеріне де тоқталды. Атап айтқанда, қызметкермен міндетті түрде еңбек шартын жасау, еңбекақыны уақытылы төлеу, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және қызметкердің кәсіби дамуына мүмкіндік беру – заңмен бекітілген талаптар екенін жеткізді.

«Бұл талаптар сақталған жерде кадр тұрақтылығы қалыптасады, еңбек даулары азаяды, кәсіпорынның беделі артады», – деді ол.

Сондай-ақ кәсіподақтармен бірлескен іс-шаралар барысында еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешу, ұжымдық келіссөздерді дамыту мәселелері талқыланып келе жатқаны айтылды. Кәсіпкерлер палатасы кәсіподақтарды қарсы тарап емес, еңбек қатынастарын өркениетті түрде реттейтін маңызды серіктес ретінде қарастырады.

Дуальді оқыту және «CareerHub» жүйесі арқылы жасалған келісімдер де еңбек қатынастарын заң талаптарына сай жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Жиынды қорытындылай келе, Асылан Ибадуллаев еңбек заңнамасының сақталуы ортақ жауапкершілікке айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Президент айтқандай, “Адал еңбек – әділетті қоғамның негізі”. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да жұмыс берушілердің заңды мүддесін қорғай отырып, қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуына жағдай жасайтын әлеуметтік әріптестікті нығайтуды жалғастыра береді», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174