«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда кәсіби бағдарлауға арналған цифрлық портал құрылады

2025 жылғы 04 Маусым
- Астана қаласы
1108 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында оқушылардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесуге бағытталған жаңа бастама талқыланды. Жоба аясында 11–17 жас аралығындағы оқушыларға арналған цифрлық кәсіби бағдарлау платформасы мен мобильді қосымшаны әзірлеу көзделген. Бастамашысы — білім беру саласындағы әлеуметтік бастамалар мен инновацияларды қолдау жөніндегі «Тәлімгер» қоғамдық қоры.

Қазіргі оқушылар ақпараттың үздіксіз ағынында өз кәсіби жолын таңдауда жиі қиындықтарға тап болады. Сондықтан жаңа платформаның мақсаты — стандартты тесттер мен жалпы ұсыныстар ұсыну емес, баланың жасына, қызығушылықтары мен жеке ерекшеліктеріне негізделген нағыз кәсіби жолсерік болу. Қосымшада тапсырмалардың әртүрлі деңгейлері қарастырылған: бастауыш сынып оқушыларына — ойын түріндегі тапсырмалар, ал жоғары сынып оқушыларына — бейімділік пен кәсіби қызығушылықты анықтауға арналған тереңдетілген тесттер ұсынылады.

Әрбір қолданушы жеке нәтижелерге қол жеткізеді: оған бейімделген мамандықтар мен бағыттар бойынша ұсыныстар берілетін болады. Бұл — оқушының «қызығушылық картасына» айналып, кейін өз нәтижелерін қайта қарап, кәсіби бағытын нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әртүрлі кәсіп өкілдерінің қысқа бейнероликтері арқылы оқушылар өздері үшін жаңа мамандықтарды ішкі жағынан тани алады. Бұл роликтерде мамандар өз жұмыстарының ерекшеліктері, күнделікті міндеттері мен кәсіби сынақтары туралы айтып береді.

Платформада ақпараттық қолдау жүйесі де қарастырылған. Ол бос жұмыс орындарының деректер базасымен, еңбек нарығының статистикасымен және түрлі салалар бойынша кадрларға деген сұраныс жөніндегі мәліметтермен біріктіріледі. Бұл ата-аналар мен оқушыларға тек қазіргі емес, болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтарды да көруге мүмкіндік береді. Болжау ірі деректерді талдауға қабілетті машиналық оқыту технологиялары арқылы жүзеге асырылады.

Платформада ата-аналар үшін де жеке бөлім қарастырылған. Мұнда олар кәсіби бағдар мамандары мен психологтардың кеңестерін алып, баламен болашақ туралы қалай дұрыс сөйлесуге болатынын, егер бала таңдаған бағытына сенімсіз болса, оны қалай қолдауға болатынын біле алады. Сондай-ақ оларға арнайы бейнематериалдар мен әдебиеттер ұсынылады.

Мұғалімдер үшін кәсіби ойлау дағдыларын қалыптастыру, оқушылардың қызығушылықтарын дамыту және негізгі құзыреттерді нығайту бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленеді. Себебі мектеп — баланың әлеуметтенуіндегі алғашқы баспалдақ және оның әлеуетін ашуда маңызды рөл атқарады.

Платформада Қазақстан колледждері мен жоғары оқу орындары туралы өзекті ақпарат ұсынылады: оқу бағдарламаларының сипаттамасы, рейтингтер, орналасқан аймақтары және қабылдау шарттары. Сондай-ақ оқушылар мен ата-аналарға жас кадрларға мүдделі кәсіпорындар туралы мәліметтер қолжетімді болады. Осылайша кәсіби таңдау нақты еңбек нарығымен тығыз байланыстырылады.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев бастаманың өзектілігі мен практикалық маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі таңда білім беру жүйесі мен нақты экономика арасында байланыс орнату — өте маңызды. Кәсіби бағдарлау платформасы оқушылардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауларына көмектесіп қана қоймай, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау үшін де берік негіз қалыптастырады. Жоба оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер мен бизнестің мүдделерін тоғыстыра отырып, бірыңғай кәсіби даму кеңістігін құруға бағытталған», — деді ол.

Бұл бастама балаларға жай ғана мамандық таңдату емес, оны саналы түрде, қызығушылықпен және сеніммен жасауға жол ашады. Бүгін бала қосымшада ойнап отырса, ертең өзін дәрігер, инженер, дизайнер немесе агроном ретінде елестете алады. Яғни, сүйікті ісімен айналысатын жарқын болашаққа қарай нық қадам жасайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер