«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда ауыл кәсіпкерлері Өңірлік кеңес сайлауын өткізудің жаңа тәртібін қолдады

2024 жылғы 13 Желтоқсан
- Атырау облысы
2019 просмотров

Мақат ауданы кәсіпкерлерінің айтуынша, Өңірлік кеңеске өкілдік ету оларға ауыл бизнесінің өзекті мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Мақат аудандық кеңесінің мүшелерімен өткен көшпелі кездесуде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев Өңірлік кеңеске сайлау өткізу және делегаттарды іріктеу тәртібі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Палата басшысының айтуынша, биылғы жылы сайлау тәртібіне өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, делегаттар сайлауы ӨКП аудандық және салалық кеңестерінің құрамына кіретін кәсіпкерлік субъектілерінің тікелей дауыс беруі негізінде жүзеге асырылады. Үміткерлер салалық және аудандық кеңестер мүшелерінің арасынан, сондай-ақ ӨКП аккредиттелген бірлестіктердің бірінші басшылары немесе мүшелері арасынан сайланады.

«Өңірлік кеңес сайлауына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 18 желтоқсанда басталып, 10 күнге созылады. Өңірлік кеңеске сайлау салалық және аудандық кеңес мүшелеріне өз ойын ашық айтуға, саланың немесе ауданның өзекті мәселелерін айтып, оларды шешуге белсене қатысуға, олардың бастамаларын жоғары деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік беретінін баса айтқым келеді. Сондықтан кәсіпкерлерді алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырамын!», - деді Нұрлан Сүйінбаев. 

Аудандық кеңес мүшелері сайлау үдерісінің жаңа форматын қолдап, бұл ауыл кәсіпкерлерінің үнін тыңдап, олардың бастамаларын жоғары деңгейде насихаттауға мүмкіндік екенін атап өтті.

«Бізге түсіндіргендей, сайлау регламентінде құжаттарды беру, оларды қарау және дауыс беру кезеңдері нақты белгіленген, бұл бізге кез келген түсініспеушілікті жоюға және рәсімнің тұтастығына кепілдік беруге мүмкіндік береді. Біз өз кезегімізде келешекте ауданымызда кәсіпкерліктің дамуына өз үлесін қосатындай лайықты үміткерді таңдауымыз керек», - деп өз ойымен бөлісті Мақат аудандық кеңесінің мүшесі Саламат Қуанышев.

Келесі кезекте кездесуге қатысушылар Мақат ауданы кәсіпкерлерінің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді айтып, сайланған делегаттың олардың шешілуіне үлес қосатынына сенім білдірді. Бүгінде бұл электр энергиясының қымбат тарифтері, ауданда «Қазпошта» жүк бөлімінің жоқтығы, сол себепті ауыл кәсіпкерлері облыс орталығына баруға мәжбүр.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер