«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективалары Уфада өткен Форумда талқыланды

2024 жылғы 28 Қараша
727 просмотров

27 қарашада Уфа қаласында Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін іске асыру тақырыбына арналған Ресей мен Қазақстанның ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында пленарлық отырыс өтті. Ресми шараны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ашты.  

Отырыстың қатысушылары арасында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев және Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов сөз сөйледі.  

Форум қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Тимур Жаркенов екі ел экономикасын дамытудағы өңіраралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.  

«Өңіраралық өзара әрекеттестік – бұл екіжақты қарым-қатынастарға қосымша ғана емес, олардың маңызды элементі. Дәл осы өңірлерде тауар айналымын арттырып, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз болатын нақты жобалар іске асырылады», – деп атап өтті Жаркенов.  

Сонымен қатар, ол көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталып, екі ел арасындағы өткізу пункттерінің ашылуын тілге тиек етті. «2022 және 2023 жылдары "Бұғырлы", "Озинки", "Кулунда" және басқа да өткізу пункттері ашылды, бұл Ресейден ағаш импорты көлемін 20%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Алайда, бизнес мұндай мүмкіндіктердің одан әрі кеңейтілуін күтуде, және біз жаңа өткізу пункттері бойынша оң шешім қабылданады деп үміттенеміз», – деді ол.  

Сонымен қатар, спикер Башқұртстан Республикасымен бірлескен табысты ынтымақтастықты атап өтіп, «Иннопром. Қазақстан» көрмесі аясында жол картасына қол қойылғанын, сондай-ақ сауда-экономикалық орталықтар мен логистикалық хабтар құру жоспарларын атап өтті.  

«Өзара ынтымақтастық аясында қарастырылып жатқан перспективалы бағыттардың бірі – Батыс Қазақстан облысы аумағында, Башқұртстанға жақын орналасқан шекара маңындағы ынтымақтастық жобасы. Қол қойылған Меморандумға сәйкес, тараптар Қазақстан Республикасы аумағында сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтарын және Башқұртстан аумағында көлік-логистикалық хабтарды құру мен дамыту процесіне жәрдемдесетін болады», – деді Жаркенов.  

Сөзін қорытындылай келе, Жаркенов Өңіраралық ынтымақтастық форумы платформасының экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал ететінін айтты.  

«Біздің бірлескен күш-жігеріміз бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, сын-қатерлерді еңсеруге көмектеседі. Мысалы, форум аясында Қостанайлық кәсіпкерлер 100-ден астам B2B-кездесу өткізді, сондай-ақ Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы тарапынан ресейлік бизнеске қажетті консультациялар берілді. "Малимоненко Светлана Ивановна" жеке кәсіпкері CityHD компаниясымен жалпы сомасы 237 млн теңгеге көп брендті жиһаз жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Сонымен қатар, "Буровина Наталья Сергеевна" жеке кәсіпкері салмақ өлшеу жабдықтары зауытымен 10 млн рубльге сынақтық сатып алу туралы келісімге келді», – деп атап өтті спикер.  

Форум қорытындысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан төрағаның орынбасары Тимур Жаркенов пен Башқұртстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы Одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер