«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ғылымның өнеркәсіппен байланысы: Тау-кен металлургия кешеніндегі ҒЗТКЖ қайта іске қосылуы

2024 жылғы 28 Қараша
726 просмотров

«Атамекен» ҰКП бастамасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, мемлекеттік органдар мен тау-кен металлургия кешенінің қолдауымен 2024 жылғы 28 қарашада Hilton Garden Inn қонақ үйінде «Ғылым және Өнеркәсіп: Тау-кен металлургия кешеніндегі ҒЗТКЖ қайта іске қосылуы» тақырыбында форум өтті.

Іс-шара ғылым, өнеркәсіп және мемлекеттік органдардың өкілдерін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) тиімділігін арттыру және ғылыми қауымдастық пен тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының өзара іс-қимылын жақсарту стратегияларын талқылау мақсатына бағдарланды. Отандық ғылымның іргетасын қалап, қалыптасуына бірден-бір ықпал еткен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі мен мұрасы бізге әрқашан темірқазық болатыны сөзсіз. Бүгінде осы салада көшбасшы ел болу міндеті тұр. 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым мен өндіріс арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Өткізілетін хакатондардың негізгі мақсаты – өндірісті жаңа технологиялық деңгейге көтеру және қосылған құн тізбегін құру. Хакатондар ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын айқындаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу, экономиканың сұраныстары мен қажеттіліктерін шешу, ғылым мен бизнес арасындағы кооперацияны жақсарту, сондай-ақ экспортқа бағытталған жаңа өнім өндірісіне арналған коммерцияландыру жобаларын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылады», – деді министр.

Өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова ғылыми зерттеулер процесіне бизнесті белсенді тарту қажеттігіне тоқталды.  Ол өнеркәсіптің қолданбалы міндеттерін шешуге мүмкіндік беретін ғылым мен кәсіпорындар кооперациясының мысалдарына назар аударды.  

«Ғылым мен өндіріс – бұл біртұтас жүйеде тығыз жұмыс істейтін ажырамас екі буын. Бүгінгі форум – өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне жасалған қадам десеек болады. Бірлескен күш-жігермен біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін», - деді ол.

Спикердің пікірінше, негізгі міндет – ғылым мен өнеркәсіптің өзара іс-қимылын стратегиялық қайта іске қосудың қажеттілігі. Одан бөлек, шешімдерді қажет ететін мәселелерді де атап өтті. Негізгі шешім – нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруде екеніне тоқталды. Сондай-ақ ҒЗТКЖ нәтижелілігін бағалаудағы ашықтықтың жеткіліксіздігі, жобалардың техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне қолжетімділіктің шектелуі және ғылыми орта мен өндірістік қажеттіліктер арасындағы үйлестірудің жоқтығы туралы айтып өтті.

Сөз соңында Гүлнар Бижанова ТМК кәсіпорындары, ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты диалог орнату үшін платформа құруды, салалық ғылыми хакатондар мен нысаналы бағдарламалар сияқты бастамаларды дамытуды ұсынды.

«Отандық ғылым біздің  артықшылықтарымызды тиімді пайдалануға және ғылымды қажетсінетін секторларды кеңінен игеруге бағдарлануы тиіс.                 
Біз жер қойнауы байлығының Қазақстан халқына тиесілі екендігі туралы Конституциялық қағидатты іске асырудағы ортақ жауапкершілігімізді  анық түсінуіміз керек. Мемлекеттің де, жер қойнауын пайдаланушылардың да  сауатты басқаруы зор маңызға ие»,
- деп қорытындылады Г. Бижанова.

Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары да қатысты. Мәжіліс депутаты Арман Қалықов ғылым мен өндіріс нақты қолданбалы міндеттерді шешуде қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. «Qarmet» көмір департаментінде шахтаның директоры болып қызмет атқарған кезде, газсыздандыру, әсіресе шахталарды бір шақырым қашықтықта не одан да тереңдеген сайын жүйелі проблемалар туындағанын айта кетті. Себебі көмір өндіру мүлдем басқа жағдайларда жүргізілді. Газ тығыздығының өзгеруі процесті қиындатып,  көптеген мәселелерді жергілікті ғылыми ресурстармен шешу мүмкін болмады. Осыған байланысты шешім шығару үшін шетелдік ғылыми ұйымдар мен инженерлік компанияларға жүгінуге тура келді.

Спикер аталған бағыт қазақстандық ғалымдар үшін зор әлеуетке ие екенін атап өтіп, Мәжіліс ынтымақтастықтың жаңа, сапалы нысандарын қалыптастыра отырып, ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылын «қайта іске қосуды» қолдауға дайын екенін жеткізді

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов компанияның инновациялық жобаларды іске асырудағы тәжірибесімен бөлісіп, өндірістің тиімділігін арттыру үшін ҒЗТКЖ жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.  

«Корпорация соңғы бес жыл ішінде ірі ғылыми-технологиялық жобаларды іске асыруға қосқан қосымша үлесін ескермеген кезде, лицензиялық-келісімшарттық шарттар аясында ҒЗТКЖ-ға 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылғанын да атап өтуге болады. Бұдан бөлек, компания ағымдағы жылы Қазақстанда алғашқы ғылыми-технологиялық хакатонға бастамашылық жасап, табысты өткізді. Форум қорытындысы бойынша тау-кен технологияларымен, экологиямен, байытумен және өнеркәсіптік цифрландырумен ұштасқан өндірістік мәселелерді шешуді көздейтін 4 негізгі жоба іріктелді», - деді Сәкен Шаяхметов.

ERG Бас директоры Серік Шахажанов инновациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында құрылған ERG R&D ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының жұмысы туралы айтып берді. Қазіргі уақытта орталық тарапынан экономикалық тиімділігі 150 млрд теңгеден асатын 48 жоба жүзеге асырылуда.

Орталықтың негізгі қағидасы – тиімділік қағидатын қатаң ұстану: әрбір жоба терең талдаудан, зертханалық сынақтардан және жартылай өнеркәсіптік құрылғыларда тексеріледі. Технологияның тиімділігі дәлелденген жағдайда, өндірістерге енгізіледі. Осылайша, қандай да бір тәуекелдер азайып, инновациялық әлеует артады.

Форум аясында стратегиялық сессиялар, дөңгелек үстел және брейнсторминг ұйымдастырылып, онда қатысушылар салық кодексіндегі өзгерістерді, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды талқылады. Сонымен қатар ғылым мен өнеркәсіп арасындағы үйлестіруді арттыру бойынша ұсыныстар әзірленді.

Айта кетейік, форум Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі өзекті міндеттерді шешуге және инновацияларды дамытуға бағытталған ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін әзірлеуде  маңызды алаңға айналды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер