«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Үй жанындағы дүкендердің мәселесі кешенді шешілуі керек – Ұлттық палата

2023 жылғы 06 Наурыз
5035 просмотров

Үй жанындағы дүкендердің иелері бүгін «Атамекен» ҰКП ғимараты жанында жиналды. Олар ҚҚС шекті мәнінің төмендеуіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Салықтың бұл түрі 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке дейін төмендетілген болатын. Қазір азық-түлік бағасы көтерілгеніне байланысты Қазақстан бойынша мыңдаған кәсіпкер ҚҚС шекті мәнін асып түсті. Енді кәсіпкерлерге қомақты айыппұл төлеуге тура келеді. Осыған байланысты кәсіпкерлер айыппұлдарды жойып немесе рақымшылық жариялауды сұрап отыр.

Шеруге шыққан кәсіпкерлермен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасынң орынбасары Тимур Жаркенов кездесті. Ол алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталануын болдырмау үшін бөлшек салықтың арнайы режимін енгізу қарастырылғанын атап өтті. Мұндай режим ставканың төмендеуін білдіреді: заңды тұлғаларға сату кезінде – 8%, жеке тұлғаларға сату үшін – 4% қарастырылған. Бұл ретте мәслихаттарға жеке тұлғалар үшін бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету құқығы беріледі, бірақ жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарлар үшін 50%-дан аспайды.

«Әрине, мәселе шешілмесе, көп кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін екенін түсінеміз. Алдын ала ақпарат бойынша ҚҚС-тің белгіленген шегінен екі мыңнан аса адам асып түскен. Президент қол қойғаннан кейін бөлшек салық 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ретроспективті түрде енгізіледі және енді тұрақты жұмыс істейді. Қазіргі кезде мемлекеттік органмен бірге бөлшек салықты пайдалана алатын қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесін талқылап жатырмыз. Мұның бәрін тезірек жасау керек, өйткені жағдай қиын», – деді Тимур Жаркенов.

Кәсіпкерлер бөлшек салыққа түсетін қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту, шағын кәсіпкерлікке жекелеген тарифтеуді енгізу, ҚҚС-тың көрсетілген шегінен асып кеткендерге қатысты айыппұлдың күшін жою немесе рақымшылық жасау, қызметкерлерді міндетті сақтандырудың күшін жою және басқада мәселелер бойынша бірқатар ұсыныс айтты.

«Инфляция соңғы екі-үш жыл тоқтамай жүріп жатыр. Былтыр ресми түрде оның деңгейі 23-25%-ды құрады. Тауарлар бойынша 30%-ға жуық. Инляция біздің тапқан пайдамызды – таза табысымызды жеп жатыр. Айналым қаражаты инфляциямен бірге өсуде. Маржа желінді ғой, енді салықты қалай төлейміз? Логиканы түсіну керек. Ұлттық экономика министрлігі биыл 2023 жылы инфляцияны тағы да 20%-ды құрайды деп болжайды. Сонда шағын бизнес қалай өмір сүреді?», – деп сұрады шағын кәсіпкер Досбол Егембергенов.

 Кәсіпкерлер микробизнеспен негізінен отбасы болып айналысатынын, ал одан түскен пайданы жүргізушілер, экспедиторлар, сатушылар және т. б. мамандар алатынын атап өтті.

Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП мамандары микро және шағын бизнес мәселелерін жақсы біледі. Атап айтқанда, ҚҚС шегінен асатын жағдайда – Ұлттық палата 2022 жылдан бастап ҚҚС бойынша есепке тұруға тиіс адамдар үшін айыппұл бойынша рақымшылық жасау бөлігінде кәсіпкерлердің позициясын және жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін ҚҚС бойынша шекті 30 мың АЕК-ке дейін ұлғайтуды қолдайды.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің осындай мәселелерін жедел шешу үшін шағын және микробизнес өкілдерімен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. 

 

  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

О нас