«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бас санитарлық дәрігер: Қазір «СанПиН» деген ұғым жоқ!

2017 жылғы 20 Қаңтар
6629 просмотров

Жандарбек Бекшин саладағы аудиттің сапасыздығын сынады

Бас прокуратурада өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин қазір «санитарлық ережелер» деген ұғым ғана қалғанын, ал қағидалардың нұсқаулықтар түріне көшірілгенін мәлімдеді. Бұл дегеніңіз, енді кәсіпкерлер зәрезап болған «СанПиН» деген түсінік алынып тасталынған.

Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасын міндетін атқарушы оның айтуынша, бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арадағы 2014 жылы жасалған келісім жүзеге асып келеді. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың тәуекелді үлгісі енгізіліп, халық денсаулығына зардап келтіру қаупі жоғары нысандар айқындалған. Нәтижесінде тексеруге ілігетіндер саны екі есеге азайған.

Былтыр, мысалы, нысандардың 56 пайызы ескерту тәртібіне ауыстырылған екен. Ал арнайы санитарлық-эпидемиологиялық аудиттің кәдеге жарай бастауының арқасында ерекше жағдайдағы таразылау жиілігі сиреп, 2011 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік саласын тексеру 3 есеге төмендеген. Комитет басшысы, құзырлы бағыттағы былтырғы ахуалдың күрт нашарлауын, тек мемлекеттік мекемелер мен ірі бизнес өкілдері сүзгіден өткен 2014-2015 жылдардағы мораторий жағдайымен түсіндірді.

«112 тексеру парағын біртұтас сипатқа өңдедік. Өткен жылы 45 тексеру парағы қайта сарапталып, адам денсаулығы мен өміріне қатерлі жайттарға қатысты талаптар сақталынып қалды. Аталған іс-қимылды «Атамекен» ҰКП сарапшыларынан, ҚР Үкіметі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерінен құралған жұмыс тобы өткізді», - деп әңгімеледі Жандарбек Бекшин.

2015 жылдан бері болса, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тәжірибесіне, бизнестің тыныс-тіршілігіне аралусыз өнім қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік беретін камералдық жұмыс тәсілі мен өнімдерді іріктеу әдісі қолға алынған. Тек камералдық бақылау кезінде, сәйкестікті растау процедурасын айналып өткен әрі 43 мың тауар партиясын елге кіргізген 32 сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы анықталған. Сауда орындарынан сынама алу да, кәсіпкерлердің көңілін бөлмей-ақ, қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етуге жол ашқан. Бұл әрекеттердің жемісінде, тұтынушылық нарықта талапқа сай келмейтін өнімдер қатарының қысқарғаны байқалған.

Атап өтерлік жайт, кінәратқа толы тамақ өнімдерінің басым бөлігі импорт үлесіне тиесілі екен (79%). Техникалық регламенттен ауытқыған отандық өндірушілер қарасы 21%-ды құраған.

Қуантарлық жаңалық, елімізде алғаш рет гендік-түрлендірілген ағза (ГМО), еттегі өсім гормондары, жалған сүт және ет өнімдері қатаң бақылауға алына бастаған.

«Барлық санитарлық ережелер Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және министрлікте тіркелген тағы отыз кәсіпкерлік қауымдастығымен келісіліп отырады. «Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы» форумының ұсынымдарын іске асыру аясында қайталанатын және қауіпсіздік мәселесіне жатпайтын 29 негізгі ереже тізбесі белгіленді. Мемлекеттік мекемелер, бизнес, ғылыми ұйымдар, акредиттелген қауымдастықтар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 8 жұмыс тобы жасақталды. Қазірдің өзінде, Комитет, оңтайландыруға қажет 200-ден астам талапты қарастыруда. Алайда, қоғамда қалыптасқан жаңсақ пікірдегідей, санитарлық ережелерді ғылыми негіздеусіз ықшамдауға болмайды», – деді Жандарбек Бекшин соңғы өзгерістерден хабарлай отырып.

Комитеттің тың бастамасының бірі, тексерістерге тиімді балама ретінде, бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық аудит институт іргетасы қаланған. Қазіргі сәтте 24 аудитор өз ісіне кірісіп үлгерген. Бірақ, Комитет басшысы, мұндай тетіктің көптеген кемшіліктеріне де жолыққандарын жасырмады, яғни кейбір сапасыз өткізілген аудит салдарында сыбайлас жемқорлық пен эпидемиологиялық қатерлер туындауда. Мысалға сан салалы ауруханалар материалдық-техникалық жабдықталуына, тазалығына қарап қана тексерістен босатылған. «Сонда имммундық алдын алу, індеттердің таралуына қарсы, дезинфекция шаралары қайда қалады?», – деп қынжылды Ж.Бекшин.

Баяндама түйінінде, Комитет төрағасы, санитарлық-эпидемиологиялық саладағы кәсіби мамандар тапшылығы мәселесін келтірді. Бұл мақсатта бірқатар министрліктермен, жоғары оқу орындарымен кадр даярлау жайы талқылануда екен.

Кезек сұрақ-жауапқа ойысып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың «Бурабай су арнасы» кәсіпорнының кәсіпкерлерге жасаған қысымына қатысты сұрағына Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мардымды жауап бере алмады. Осы орайда тиісті өңірден жеткен жағымды жаңалық (http://palata.kz/kk/news/25298), Бурабай аудандық прокуратурасы «Бурабай су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық-мемлекеттік кәсіпорнының әрекетін заңсыз деп таныды.

Оның әріптесі Павел Казанцевтің әр сауда орындарының кіреберісіне, шетелдегідей, сол аумаққа жауап беретін тұтынушылар құқығын қорғау мекемесінің телефоны жазылған тақта іліп қою керектігі жайлы ұсынысын Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко да қолдады.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер