«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі реттеледі

2016 жылғы 29 Қараша
12953 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру қорытындылары бойынша қоғамдық тыңдау өтті

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның жетекшілігімен өткен жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту департаментінің директоры Нұрдан Аязбаев,  «Grata» халықаралық заңгерлік фирмасының серіктесі, «Банктер және қаржылар» тәжірибесінің жетекшісі Шәймерден Шықанаев, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетов және онлайн-режимде өңірлік ұлттық кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысты.    

2006 жылдың 7 шілдесінде «Концессиялар туралы» Заң қабылданған болатын, ал «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң 2015 жылы 31 қазанда қабылданған. Жаңа заң осы саладағы іс-қимыл аясын кеңейтті, мемлекеттік және жеке меншік сектордағы инфрақұрылымдық қызметтер мен қоғамдық қызмет көрсету жобаларын іске асыру мақсатындағы ынтымақтастықты айқындады.

 Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның мәліметінше, мемлекет пен бизнестің қатысуымен  аймақтарда шамамен 163 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың көбі денсаулық сақтау (27%) мен мектепке дейінгі мекемелерді қоса алғанда, білім саласына (37%) тиесілі. Осы аталған жобалардың барлығы келісімшарт негізінде жүзеге асырылып отыр. «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң аясында 13 жобаға  қатысты келісімшарт жасалды. Оның ішінде 7 жоба – Алматы облысында ауыл шаруашылығы техникасын қаржылық лизингке беру келісім-шарттары, 6 жоба Ақтөбе облысында дене шынықтыру және спорт саласына,  денсаулық салалары бойынша жасалған.

Дегенмен, жаңа заңның осал тұстары да жоқ емес. ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, тәжірибеде мемлекет пен бизнес арасындағы өзара байланыс формасын ажырату түсінігі – сенімді басқару, мүліктік жалдау, мемлекеттік- жекеменшік әріптестік нысанының бағасын анықтау, мелекеттік қолдау шараларының жалпы құны, шығындарды өтеу көздері бойынша анықтау әдістемесі қалыптаспаған. «Мелекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігін қолдануда бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Ең алдымен жобалар бойынша келіссөздер үдерісі өте күрделі, қағазбастылық пен рәсімдеу кезеңі тым ұзақ, МЖӘ жобаларының инвесторларды қызықтырмауы, МЖӘ-ні жүзеге асырып отырған тараптардың біліктілігі мен білімінің  төмен деңгейі бұл саланың дамуын тежеп отыр», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

Заңгерлер тарапынан ««Grata» халықаралық заңгерлік фирмасының серіктесі, «Банктер және қаржылар» тәжірибесінің жетекшісі Шәймерден Шықанаев: «Жеке бизнеске кеңес беруші ретінде елімізде мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жобаларының жүзеге асырылуы лайықты деңгейде болмауына тоқталар болсам, мемлекеттік- жеке меншік әріптестік туралы түсініктің өзі дұрыс қалыптаспаған. Қайырымдылық шараларын осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке жатқызып жатады, МЖӘ – кәсіпкерліктің түрі, онда міндетті түрде жеке әріптесті таңдау процедурасы орын алу керек. Сондықтан да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының нашар жасалуы, МЖӘ формасына жатпайтын жобалардың ұсынылуы осы саланың дамуын кенжелетеді. Сонымен қатар қаражат тарту мәселесі де әсер етеді. Екінші деңгейлі банктерге қарап отырудың мәні жоқ, инфрақұрылымдық облигациялар механизмін дамыту керек. Мемлекет тарапынан МЖӘ жүзеге асыруда жүйелілік жоқ деп ойлаймын», – дейді.

Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов мемлекеттік- жекеменшік әріптестік қарым-қатынасның кейбір түйткілдеріне тоқталды. «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында дамыту маңызды. Жүзеге асырудағы айтарлықтай қиыншылықтарына қарамастан, стратегиялық мәселе болып саналады. Өкінішке қарай, бұл салада қуантарлықтай нәтижелер жоқ. Мемлекеттің де, жекеменшік сектордың тарапынан да мәселелер баршылық. Тәуекелдің барлығын саралап, керек қаражатты тартып, ұзақмерзімді келісімшарт жасау керек. Өте байыппен кірісетін сала», – деп атап өтті ол.

«Алматы облысында 16 аудан бар. Жалпы облыс аграрлық аймақ екені мәлім. Сондықтан облыстық мәслихат елдің сұрауы бойынша бюджетті реттеп, техниканы алуды орындаушы операторларға тапсырды. Мемлекет-жекеменшік әріптестік механизмі аясында келісімшарт негізінде ауылшаруашылық техникасы  жылдық 0,5 %-бен лизингке беріле бастады. «Жетісу» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы лизинг беруші болып отыр. Мемлекет конкурс жариялады, оған шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестер қатысты. Техника тиімді несиеге беріле бастағаны агросекторға оң әсер етті: биыл Ескелді ауданы бойынша 6 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді, шаруалар мол өнім жинады. Жиналған өнім әлі зауытқа өткізіліп жатыр, өйткені өңірдегі бір ғана зауыт бәрін қабылдап үлгермеуде. Бұрын Ескелді ауданында 8 республикаға қант экспорттайтын 4 қант зауыты жұмыс істейтін. Жалпы мемлекет-жекеменшік әріптестік механизмі жергілікті экономиканы көтеру бойынша өте пайдалы», – деді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Чинкисбаева.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы»  заң инвесторлармен жаңа келісім (қызметтік, инфраструктуралық келісім т.б) жасауға құқық беретіндіктен, жобаға қатысушылар қатарын (ұлттық компаниялар, холдингтер, мемлекеттік кәсіпорындар, жеке қаржы ұйымдары) едеуір көбейте алды. «Қазіргі таңда қолданыстағы заңға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өзгертулер енгізу үрдісі жүріп жатыр. Оның ішінше ҰКП ұсыныстары да ескерілді: сараптама және құжаттарды келісу бір мезгілде жүргізіледі, сараптамадан өту мерзімі қысқартылды, құжат рәсімдеу оңтайландырылды. Біз бұл механизмді жан-жақты талқылап, әлі ұсыныстар енгізетін боламыз», – деп түйіндеді Юлия Якупбаева.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер