«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматыда қалалық билік пен бизнес арасындағы отандық құндылықты дамытуға бағытталған жүйелі диалог қайта жанданды.

2026 жылғы 16 Қаңтар
- Алматы қаласы
2000 просмотров

2026 жылғы 16 қаңтарда Алматы қаласында қала әкімі өкімінің негізінде Алматы қаласы ұйымдарының сатып алуларындағы отандық құндылықты дамыту жөніндегі жұмыс тобын құру аясында қалалық билік пен бизнес өкілдерінің ашық кездесуі өтті. Іс-шара Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың төрағалығымен, Алматы қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» қатысуымен ұйымдастырылды.

Жұмыс тобы Алматы қаласы әкімінің өкімімен құрылып, оның қызметіне жауапты орган ретінде Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы айқындалды. Аталған бағыт бойынша жұмыстар бұған дейін де жүргізілген, ал қазіргі уақытта олар қайта жанданып, жүйелі форматта жолға қойылуда.

Отырыста барлық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қатысып, өздерінің жылдық жоспарларын, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің тауарлар мен материалдарға деген қажеттілігі туралы ақпаратты ұсынды.

Кездесу барысында қалалық инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту жоспарлары айтылды. Атап айтқанда, көшелерді абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді қайта жаңарту, субұрқақтар, спорттық парктер және басқа да нысандар салу жобалары ұсынылды. Сондай-ақ, осындай кездесулерді Құрылыс басқармасы мен әкімдіктің өзге де салалық басқармалары өткізетіні атап өтілді.

Бизнес тарапынан іс-шараға құрылыс материалдарын өндірушілер қатысты. Бұл формат оларға мемлекеттік сатып алуларға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға, сұрақтар қоюға және өз өнімдерінің әлеуетін таныстыруға мүмкіндік берді.

Алматы қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» кездесудің ұйымдастырушысы әрі үйлестіруші алаңы ретінде бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей диалогты қамтамасыз етті. Алдағы уақытта Палатаның қолдауымен нақты салалар бойынша салалық кездесулер өткізу жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174