«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Үкімет шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті

2025 жылғы 23 Желтоқсан
451 просмотров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде берген тапсырмалары аясында Үкімет шағын және микробизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті. Бағдарлама «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және AMANAT партиясымен бірлесіп әзірленді. Ол өңірлерде іскерлік белсенділікті ынталандыруға, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып өндірісті дамытуға, сондай-ақ ауылдық жерлер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

Бағдарлама Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. «Іскер аймақ» өңірлердегі, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы бизнес сұранысына дер кезінде берілген жүйелі жауап екені атап өтілді. Себебі бұл аумақтарда шағын бизнес – жұмыспен қамту мен экономикалық белсенділіктің негізгі көзі.

«Аталған бағдарламаға сәйкес біз жай ғана субсидия бөлу әдісінен, өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшеміз. Біздің мақсатымыз – тек несие беру емес, тұрақты өндірістер құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсімін қамтамасыз ету», – деді Премьер-министр.

«Іскер аймақ» бағдарламасы өзара байланысты үш бағыт бойынша іске асырылады: қаржылық бағыт – пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және шағын бизнестің қаржыға қолжетімділігін кеңейту үшін несиелерге кепілдік беру; қаржылық емес бағыт – салалық онлайн-оқыту, сервистік және консультациялық қолдау көрсету; инфрақұрылымдық бағыт – өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету, ғимараттар мен жер телімдерін жеңілдетілген шарттармен жалға беру.

Үкімет отырысында баяндама жасаған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Шоқанов «Іскер аймақ» өңірлердегі шағын бизнесті дамытуда сапалық тұрғыдан жаңа тәсіл ұсынатынын атап өтті.

«Іскер аймақтың басты ерекшелігі – басым қызмет түрлерін айқындауда әдістемелік тұрғыдан дәл әрі жүйелі тәсілдің қолданылуы. Алғаш рет өңірлердің мамандануын қалыптастыру мен шағын бизнеске арналған басым экономикалық қызмет түрлерін анықтау салаларға рейтинг беру және бизнес қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдардың бағасын ескеру әдістемесі негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар бұл бағдарламада қаржылық емес қолдау кәсіпкерді өсуінің барлық кезеңінде даярлау мен сүйемелдеудің негізгі құралы ретінде қарастырылады», – деді Шоқанов.

Бүгінде «Бір ауыл – бір өнім» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары аясында негізінен ауылдық жерлер мен шағын қалаларда ондаған мың микро және шағын кәсіпкер оқытылып, сүйемелденді. Қатысушылар базалық кәсіпкерлік және басқарушылық дағдыларды меңгеріп, алғашқы бизнес-модельдер мен өткізу нарықтарын қалыптастырды.

Жаңа бағдарлама бұған дейін іске асырылған бастамалардың жалғасы болып саналады. Ол кәсіпкерлікті енді бастаған азаматтарды тек бастапқы оқытумен шектемей, өз ісін аяғынан нық тұрғызған кәсіпкерлерге бизнесті жедел дамытуға, кеңейтуге және тұрақты деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Бұл үдерістің барлығы кәсіпкерлерді қолдаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі аясында жүзеге асады.

• «Бір ауыл – бір өнім» және «Ауыл аманаты» – бизнесті тарту және іске қосу;
• «Іскер аймақ» – өсім, ауқымын кеңейту және жергілікті экономикаға интеграциялау;
• «Өрлеу» – нарыққа шыққаннан және тұрақты өсімге қол жеткізгеннен кейінгі қолдау.

Бағдарламада сондай-ақ инфрақұрылымдық блок көзделген. Бұл – «Іскер аймақты» бұрынғы қолдау құралдарынан айқындайтын жаңа әрі маңызды элемент. Ол шағын бизнеске қолжетімді инфрақұрылымдық орта қалыптастыруды, соның ішінде инженерлік желілерді, өндірістік және логистикалық қуаттарды, сондай-ақ сауда және туристік нысандарды дамытуды қамтиды. Жобалар жергілікті бюджеттер, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен жеке инвесторлардың қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

«Қазірдің өзінде мұндай шешімдердің табысты үлгілері бар. Мысалы, Алматыдағы шағын индустриялық парктер, Теміртау, Жезқазған, Ақтөбе және басқа қалалардағы өндірістік алаңдар бұл форматтың шағын бизнес үшін сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Айта кетейік, «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында өңірлердегі шағын бизнесті қолдауға 2026 жылы 400 млрд теңгеге дейін қаржы бағыттау жоспарланған. Бағдарлама екінші деңгейлі банктер арқылы бір жобаға 200 млн теңгеге дейін несие беруді көздейді. Пайыздық мөлшерлеме шамамен 8,8% болса, оның 40%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Несиелеу мерзімі – үш жылға дейін. Кепіл жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді.

Қаржылық қолдаудан бөлек, кәсіпкерлер жеңілдетілген жалға беру шарттарымен ғимараттар мен жер телімдеріне, инженерлік коммуникацияларға қол жеткізіп, сервистік сүйемелдеу мен салалық онлайн-оқыту мүмкіндіктерін пайдалана алады. Мемлекеттік қолдауда «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларының қатысушыларына басымдық беріледі.

Өтінімдер egov.business және Damu Online порталдары арқылы толық автоматтандырылған форматта қабылданады. Ал шалғай аудандардағы кәсіпкерлер үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер жергілікті жерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайтын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174