«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шалқарда билік пен бизнес бір алаңда бас қосты

2025 жылғы 15 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
505 просмотров

Шалқар ауданында кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес өкілдерінің құқығын қорғауға бағытталған маңызды кездесу өтті. Аудандық мәдениет үйінде жергілікті палата ұйымдастырған шараға Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, аудан әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық мәслихат депутаты Камшат Төлеуова, аудан прокуроры Нұрболат Қатуов, және кәсіпкерлер қатысты.

Жиын шымылдығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен қайтарымсыз грант иегерлерінің, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысушылардың өнімдері қойылған жәрмеңкемен ашылды.
Өз сөзінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Шалқар ауданының бизнеске ашық диалог орнатып жатқанына жоғары баға берді. Ол 2026 жылдан бастап бөлшек салық мөлшерлемесін 2% деңгейінде бекіту туралы шешім қабылдаған аудан әкімі мен мәслихат депутаттарына кәсіпкерлер атынан шынайы алғысын білдірді.

Сонымен қатар, облыс прокуроры және облыс әкімі деңгейінде Палатаның бастамасымен енгізілген кәсіпкерлерді жеке қабылдау тәжірибесі бүгінде Шалқар ауданында да тиімді жұмыс істеп келеді. Биылдың өзінде 6 қабылдау өтіп, 210 кәсіпкерді қамтығанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бір ауыл – бір өнім» моделін кеңейту, әкімшілік кедергілерді азайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамыту туралы тапсырмалары бойынша бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.


 «Палата кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинауға және жаңа жобаларды сүйемелдеуге толық дайын», – деді ол.

Кәсіпкерлер палатасының Шалқар аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапин 2021-2025 жылдар аралығында атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, есепті кезеңде 2462 азаматқа кеңес беріліп, 192 адамға жеке кәсіп ашуға көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 24 кәсіпкерге 140 миллион теңгеден астам несие және 45 адамға 103 миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант алуға қолдау көрсетілген. Сонымен қатар палата аудан прокуратурасымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде кәсіпкерлердің мүліктерін кепілден босату және заңсыз тексерістерден қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін тілге тиек етті.

Аудан прокуроры Нұрболат Қатуов тұрақты серіктестік қалыптасқаның айтты.  Кәсіпкерлердің құқықтары түсіндіріліп, өтініш-шағымдары тыңдалып, Палата арқылы түскен мәселелер прокуратураға дер кезінде жеткізіліп, жедел шешімдер қабылдануды.

"ШОБ өкілдерімен проблемалық тақырыптар талқыланып, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне талдау жасалып, қажетті ұсыныстар енгізілді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алда да жалғасады",-деді прокурор.


Өз кезегінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов кәсіпкерлік саласының аудан экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.


«Біздің міндет — қолайлы кәсіпкерлік орта қалыптастыру. Әр бастаманы тыңдап, бірге шешім қабылдауымыз қажет», — деді аудан басшысы.

Мәслихат депутаты Камшат Төлеуова сөз сөйлеу барысында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған нақты мемлекеттік бағдарламаларға, соның ішінде АӨК саласына арналған тетіктерге тоқталып өтті. Ол кәсіп иелеріне пайдалы болатын практикалық кеңестер беріп, қолдау құралдарын тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді.


Кездесу соңында аудан әкімі, облыстық прокуратура және Палата тарапынан бірқатар белсенді кәсіпкерлер марапатталды.


Шара барысында кәсіпкерлерге арналған білім беру бөліміне де ерекше көңіл бөлінді. Ақтөбеден келген, салалық кеңестің белсенді қатысушысы, «Western Universe Consulting» ЖШС басшысы Жанар Қожабаева жаңа Салық кодексінің ерекшеліктері туралы семинар өткізсе, «GAZER» ЖШС құрылтайшысы Әнуар Төлепбай «Кәсіпкерлікті дамыту жолдары» тақырыбында мотивациялық тренинг жүргізді. 


Жиын соңында Палата өкілдері мен мәслихат депутаты бірқатар жергілікті кәсіпкерлердің нысандарына барып, олардың жұмысы мен даму қарқынымен танысты. Корпус жиһазын шығаратын жеке кәсіпкер Бисенбаев Амандық айына 20-ға дейін өнім дайындап, 3–4 млн теңге табыс табуда, 2021 жылы 4,5 млн теңгелік грант ұтып, биыл «Ауыл Аманаты» арқылы алған несиемен өндірісін кеңейтуге кіріскен. 


2018 жылдан бері жұмыс істейтін «Шалқар дәмі» кондитерлік цехы (ЖК Меңдіғара Мақсат) күніне 300 келі өнім шығарып, 20–25 адамды жұмыспен қамтып, өнімдерін Ырғыз, Ембі, Ақтөбеге жөнелтуде. 
2024 жылы «Атамекен» қолдауымен 400 АЕК грант аясында ашылған «Томирис перделер салоны» (ЖК Ұзақбаева А.Е) перде тігіп, тұрақты табысқа ие. 


Таза былғарыдан ұлттық үлгідегі етік тігетін ЖК Айтжан Е.М «Бір ауыл– бір өнім 2025ж.» жобасының он финалисінің қатарынан табылған. Ал ЖК Айтенов Мирамбек басқаратын тротуар плиткасы цехы 2019 жылдан бері жұмыс істеп, жазда 12–15, қыста 4 адамды жұмыспен қамтып, айына 2000 м² брусчатка өндіруде.
Бұл кездесу Шалқардағы бизнестің болашағына нық сенім ұялатып, билік пен кәсіп иелерінің ортақ мақсатқа жұмылғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174