«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодарлық өңдеушілер «Атамекен» палатасынан электр энергиясына жеңілдетілген тарифтер сұрады

2025 жылғы 16 Қазан
- Павлодар облысы
386 просмотров

Павлодар облысының «Атамекен» палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оны кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев жүргізді.

Кездесуге себеп болған — қыркүйек айында өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен Бірыңғай есеп беру күні. Сол күні айтылған бизнес мәселелері кеңестің күн тәртібіне шығарылды. Отырысқа қатысушылардың көбі онлайн форматта қосылды. Солардың бірі — «Жан-Дос KZ» ЖШС директоры, Павлодар облысы өңдеушілер қауымдастығының төрайымы Жанар Серімова. Ол бизнес қауымдастығының есеп күні барысында электр энергиясы тарифтерінің үнемі өсуі туралы мәселе көтергенін еске салды. Электр қуатының бағасы соңғы рет 1 тамызда өскен болатын.

«Жағдайдың қиындығын диірмен комбинатының мысалында түсіндірейін. Біз қуатымыздың 30 пайызымен жұмыс істеген кезде электр энергиясына үш миллион теңге төлейтінбіз. Тамызда тариф көтерілген соң, бізге 4,8 миллион теңгеге шот келді – яғни қосымша екі миллион теңгеге жуық төлеу қажет болды. Егер зауыт толық қуатта жұмыс істесе, онда жарық үшін он миллион теңге төлеуге тура келеді», – деді ол.

Жанар Серімова 2021 жылдан бастап электр тарифтерінің өсу динамикасын көрсетті. Оның айтуынша, 2021 жылы тариф үш рет, 2022 және 2023 жылдары екі реттен, 2024 жылы тағы үш рет, ал 2025 жылы екінші рет көтерілген.

«Елімізде жұмыс орындарын ашып, шикізатқа қосымша құн қосатын өңдеу саласын дамытуға мүдделіміз бе? Отандас тауарөндірушілер көптеген қиындықтарға тап болып отыр: уәкілетті органдардың тексерістері, шикізат тапшылығы, нарықтағы тұрақсыздық, астық тасымалы кезінде теміржол мәселелері. Сонда да монополистің осылай әрекет етуі дұрыс па?» – деді «Жан-Дос KZ» ЖШС директоры.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, өңір өңдеушілері өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін орындауға тиіс, яғни нарық үшін өнім шығарады. Ал электр энергиясы тарифінің көтерілуіне қарамастан, монополист көрсететін қызмет сапасы жақсарған жоқ. Электр энергиясын жеткізуші компания да бизнес субъектісі екенін еске салды.

Кәсіпкер ханым еліміздің басқа өңірлерінде стратегиялық өндірістер мен кластерлерді тарифтік-экономикалық саясат арқылы қолдау тәжірибесі бар екенін де атап өтті. Осындай тәсілді энергияны көп қажет ететін өңдеу өнеркәсібіне де қолдануға болады, себебі электр қуатының қымбаттауы мұндай кәсіпорындардың жұмысына және олардың өнім бағасына тікелей әсер етеді.

«Мысалы, экспорттық келісімшарттар жарты жылға немесе бір жылға жасалады. Әр жолы шетелдік серіктестерге тарифтердің көтерілгенін түсіндіру бізге үлкен қиындық тудырады», – деп қосты Павлодар облысы өңдеушілер қауымдастығының төрайымы.

Отырыста өз ұсыныстары мен сұрақтарын «ЭкоДом-Павлодар» ЖШС директоры Марина Рейдина және бірқатар компаниялардың заңгері Андрей Денисов те білдірді.

Кеңес барысында мемлекеттік органдар мен «ПРЭК» АҚ өкілдері кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелерді жеке тәртіпте қарауға және оларды жеке қабылдауда қабылдауға дайын екендерін мәлімдеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174