«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада «Бір ауыл - бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды

2025 жылғы 13 Қазан
- Астана қаласы
440 просмотров

Елордада жергілікті өнімдерді дамыту мен ілгерілетуге, кәсіпкерлікті қолдауға және өңірлік брендтерді қалыптастыруға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалдық кезеңі өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отырған бұл бастама үш жыл қатарынан дәстүрге айналып, ұлттық дәстүрлер мен инновацияны тоғыстырған жаңа идеялардың алаңына айналып келеді.

Финалдық кезең Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Бренд-комитеттің мүшелері алдында жобаларды қорғау форматында өтті. Көрме-жәрмеңкенің қорытындысы бойынша іріктелген қатысушылар өз өнімдері мен бизнес-тұжырымдамаларын ұсынып, шығармашылық көзқарасын, жаңашылдығын және ауқымын кеңейту әлеуетін көрсетті. Бағалау барысында жобалардың инновациялық сипаты, бәсекеге қабілеттілігі, экспорттық әлеуеті мен әлеуметтік маңызы ескерілді.

Жобаларын таныстырған он жартылай финалистің ішінен Бренд комитетінің мүшелері - бизнес, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар саласындағы сарапшылар дауыс беру нәтижесінде үш үздікті анықтады. Жобаның жеңімпаздары - Динара Макенбаева, Айгүл Саин және Асель Айтжанова. Олардың бастамалары дәстүрге құрмет, инновациялық ойлау және дамуға ұмтылысқа негізделген заманауи қазақстандық бизнестің рухын айқын көрсетеді.

Айгүл Саин өз жұбайымен, жобаның идеялық серіктесі әрі сенімді бизнес-әріптесімен бірге «Мәңгілік ет» жобасын ұсынды. Ерлі-зайыптылардың бірлескен еңбегі дәстүр мен инновацияны және ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті ұштастырған табысты отбасылық кәсіптің негізіне айналды. Жоба идеясы көне қазақ өнімі - етті қақтау тәсілімен жасалатын сүр етті заманауи нарыққа қайта ұсыну ниетінен туындаған. Заманауи өңдеу және сақтау технологияларын қолдану арқылы кәсіпкер ұлттық тағамға жаңа сипат беріп, оның табиғи дәмі мен пайдасын сақтап қалды.

Бүгінде «Мәңгілік ет» брендімен жылқы, сиыр және күрке тауық етінен дайындалған кептірілген өнімдер шығарылады. Қоспасыз және консервантсыз өндірілетін бұл өнім салауатты тамақтану мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Осылайша, ата-бабадан келе жатқан тағамға деген ұқыпты көзқарас заманауи форматта жаңғыртылып, бренд ұлттық құндылықтардың қайта жандануының символына айналды.

Әсел Айтжанованың GrechkaNan бренді шағын үй наубайханасынан бастау алған. Кәсіпкер пайдалы әрі баламалы нан түрін іздеп жүріп, өнген жасыл қарақұмық негізінде глютенсіз нан пісіру рецептурасын әзірлеген. Бастапқыда отбасы қамқорлығынан туған бұл іс бүгінде салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарға бағытталған табысты өндіріске айналды.

Қазіргі таңда GrechkaNan - толық циклді шағын наубайхана, құрамында глютен, ашытқы, сүт өнімдері мен қант жоқ нан-тоқаш өнімдерінің кең ассортиментін шығарады. Барлық ингредиенттер табиғи. Өнімдер Астана, Алматы, Көкшетау және Шымкент қалаларындағы дұрыс тамақтану дүкендерінде сатылады. Алдағы уақытта жартылай дайын глютенсіз қамыр өнімдері арқылы ассортиментті кеңейту жоспарланған. GrechkaNan – саналы тамақтануға негізделген, қоғамға пайдалы әрі тұрақты бизнестің жарқын үлгісі.

Үшінші жеңімпаз - Динара Макенбаева, «Саулық» бренді мен пайдалы тағам өнімдерінің авторы. Ол пайдалы лапша, макарон және қамыр өнімдерін өндіреді. Команда 2023 жылы ерекше пайдалы лапша рецептурасын жасап, оны Казпатентке жаңа өнім ретінде тіркеуге ұсынған. Екі жылдық сараптамадан кейін өнім «Пайдалы модель» мәртебесін алып, өз ерекшелігі мен технологиялық маңыздылығын растады.

«Саулық» бренді өнімдері санитарлық және техникалық талаптарға толық сай келеді. Ассортиментте шпинатты, қарабидай және классикалық бидай лапшасы, сондай-ақ түрлі пішіндегі спагетти мен макарон түрлері бар. Брендтің басты ерекшелігі - ұлттық рецептура мен салауатты тамақтану қағидаттарының үйлесуі. «Саулық» – дәстүрлі тағамды жаңаша ұсынудың, оның пайдалы қасиетін сақтай отырып, уақыт талабына сай өнімге айналдырудың үлгісі.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстанда 2023 жылдан бері жүзеге асып келеді және шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді құралы ретінде өзін дәлелдеді. Оның басты мақсаты -  әр өңірде кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнім шығарып, оны жергілікті брендке айналдыру арқылы аймақтың экономикалық белсенділігін арттыру және отандық өнімнің танымалдылығын күшейту.

Биыл жобаға қала бойынша 30 кәсіпкер қатысып, азық-түліктен бастап қолөнер және инновациялық өнімдерге дейінгі кең ауқымды тауарларын ұсынды. Жеңімпаздар 5 миллион теңгеге дейінгі көлемде құрал-жабдық немесе шикізат сатып алуға арналған қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, оларға маркетингтік қолдау мен шетелдік нарықтарға шығуға жәрдем көрсетіледі. Бұл өз кезегінде өндірісті дамытуға, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұл жоба қарапайым байқаудан гөрі кең ауқымды мақсатқа ие – ол дәстүр мен заманауи өндіріс тәсілдерін біріктірген жаңа буын отандық брендтерін қалыптастыру алаңына айналды. Қатысушылар өз ісін дамытып, ұлттық мәдениетті дәріптеп, ел мақтанышына айналар өнім жасауға деген адал ниеттің шынайы құндылық екенін дәлелдеп отыр.



Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174