«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағанды облысында экономикалық саясаттың негізгі бағыттары мен жаңа Салық кодексінің ережелері түсіндірілді

2025 жылғы 10 Қазан
- Қарағанды облысы
230 просмотров

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде кәсіпкерлердің қатысуымен кездесу өтті. Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов,Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жәнеҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Құназаров қатысты.

Кездесуге Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері, Мемлекеттік кірістер департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Басты мақсат – жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін, тарифтік реттеу тетіктерін және жүргізіліп жатқан экономикалық саясатты түсіндіру болды.

Жиынды ашқан Ермек Алпысов мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде жаңа Салық кодексіндегі әр норма кәсіпкерлерге түсінікті болуға тиіс. Сонда ғана мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасында ашықтық пен сенім орнап, тиімді өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі», – деді ол.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Оның айтуынша, құжат салық жүйесін жеңілдетуге, есептілікті азайтуға, жеңілдіктерді оңтайландыруға және инвестициялық белсенділікті ынталандыруға бағытталған.

«Реформаның басты мақсаты – әкімшілік жүктемені азайту ғана емес, экономиканың тұрақты өсіміне және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұзақмерзімді жағдай жасау», – деп атап өтті Ерлан Сағынаев.

Кездесуде арнайы салықтық режимдерді қолдану мен дифференциалды мөлшерлемелер мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлер шағын бизнес үшін оңайлатылған режимді сақтау, коммуналдық тарифтер және мемлекеттік қолдау шарттарына қатысты сұрақтар қойды.

ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Құлназаров тарифтік саясаттың қағидаттарын түсіндірді. Ол тарифтердің динамикасы табиғи монополия субъектілерінің өтінімдеріне және инфрақұрылымның жағдайына байланысты екенін айтты.

«Тарифті бекіту процесі толықтай «Монополист» электронды жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл барлық кезеңде ашықтық пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді», – деді Қайрат Құлназаров.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың айтуынша, биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығыныңжалпы өнімі 3,4%-ға өскен. Сондай-ақ, ішкі нарықты қолдау және бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорлары құрылып, азық-түлік қоры қалыптастырылуда.

Кездесу барысында кәсіпкерлер мен Палатаның Өңірлік кеңес мүшелері жаңа нормаларды енгізудің практикалық аспектілерін талқылап, өз ұсыныстарын білдірді және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде пікір алмасты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174