Астаналық стартап ENACTUS Әлем кубогында ел намысын қорғайды
Астана Медицина университетінде ENACTUS АМУ командасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Аталмыш команда – биылғы сәуірде өткен ENACTUS Kazakhstan ұлттық кубогының жеңімпаздары. 25-28 қыркүйек аралығында олар Таиландтың Бангкок қаласында өтетін ENACTUS World Cup 2025 байқауында Қазақстанның намысын қорғайды.
Болашақ дәрігерлер кәсіпкерліктің шын мәнінде өмірді өзгерте алатынын дәлелдеді. Олардың жасанды интеллектке негізделген «Zhan.care» ақылды денсаулық сақтау жобасы медициналық қызметтерге қолжетімділік мәселесін шешуге бағытталған. Бұл қосымша автоматтандырылған медициналық деректерді талдау, аурулардың алдын ала болжамын жасау, ЖИ-диагностика, денсаулықты нақты уақытта бақылау және дәрігерлер үшін есептер дайындау қызметтерін біріктіреді.
«Креативті студенттер мен дана тәлімгерлердің мұндай синергиясы тұрақты және табысты нәтижелер береді. Бұл чемпионаттан алатын эмоциялар мен тәжірибе болашақтарыңызға берік негіз болатынына сенімдімін. Әлем өте қарқынды дамып келеді, сол көштен қалмай, Қазақстанды жаһандық аренада лайықты дәрежеде көрсетулеріңізді тілеймін», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы, Директорлар кеңесінің төрағасы және ENACTUS Kazakhstan-ның тұрақты менторы Райымбек Баталов.
ENACTUS Kazakhstan президенті Альбина Ержанова қозғалыстың сабақтастығын атап өтті.
«ENACTUS – болашақ көшбасшылар үшін тамаша бастама. Қазақстандағы қозғалыстың алғашқы жылдарынан бері келе жатқан дәстүр бойынша қатысушылардың өз білім ордасын алдағы уақытта да қолдай беретініне сенемін. Олар өз оқу орындарына серіктес, демеуші немесе ментор ретінде қайта оралады. Мұндай жақсы үрдіс жылдан жылға жалғасын таба бермек», – деді Альбина Ержанова.
Студенттерді құттықтауға келген танымал қоғам қайраткерлері мен сарапшылар жылы лебіздерін жеткізді. Олардың қатарында Дархан Мыңбай, Қуаныш Ерғалиев, Ғани Хамзин, Ерлан Каримов және Мейрамгүл Балғожина бар. Шақырылған қонақтар жастар жобаларының маңыздылығын атап өтіп, Бангкоктегі байқауда қазақстандық команданың сәтті өнер көрсететініне сенім білдірді.
Медициналық университет командасы үшін бұл – ұлттық деңгейдегі екінші жеңіс. 2021 жылы олар әлем чемпионатының финалына онлайн форматта қатысқан болатын, ал бұл жолы алғаш рет офлайн түрде Қазақстанның намысын қорғамақ.
Айта кетсек, Қазақстан Райымбек Баталовтың жетекшілігімен ENACTUS қозғалысы тарихының бір бөлігіне айналды. 2024 жылы Астана алғаш рет ТМД елдері арасында ENACTUS Әлем чемпионатын қабылдаған болатын. Сонымен қатар, еліміз ерекше мектеп бағдарламасын іске қосты. Бұл бастаманы қазір өзге елдер де қабылдап жатыр. Қазір мектеп оқушыларына арналған алғашқы Әлем кубогын өткізу идеясы қарастырылуда. Бұл Қазақстанның жаһандық инновациялар сахнасындағы орнын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: