«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сатып алудағы өзекті мәселелер бойынша бизнес өкілдерінің уәжін «Самұрық-Қазына» растады

2025 жылғы 05 Қыркүйек
643 просмотров

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көтерген отандық өндірушілер үшін сатып алулардағы кедергілер мәселесінен кейін, заңбұзушылықтармен өткізілген сатып алулар тоқтатылды.

Еске сала кетсек, 22 шілдеде «Атамекен» ҰКП қабырғасында бизнес өкілдері, тапсырыс берушілер мен сарапшылардың қатысуымен кеңес өткен болатын. Кеңесте бірқатар тендерде бәсекелестікті шектеу фактілері анықталғаны айтылды. Атап айтқанда, тендерлік құжаттамада нақты өндіруші зауыттар мен құрал-жабдық маркаларын көрсету анықталды, бұл ҰКП сарапшыларының пікірінше, адал бәсекелестік қағидаттарын бұзады.

Әңгіме «№4г блокты бұта сорғы станциясы (ББСС-4г)» және «№3 блокты бұта сорғы станциясы (ББСС-3)» сатып алулары жөнінде болды. Бұл жобалар бойынша тапсырыс беруші – «Кен-Кұрылыс-Сервис» ЖШС. Сол уақытта мердігер сатып алуды тек «Самұрық-Қазына» АҚ Сатып алуларды бақылау бойынша орталық қызметінен ресми хабарлама түскен жағдайда ғана тоқтата алатынын алға тартқан.

ҰКП өтінішіне берген жауабында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Сатып алуларды бақылау жөніндегі орталық қызметі кәсіпкерлердің уәжін растады.

«Жүргізілген бақылау кәсіпкерлердің дәлелдерін растады, себебі тапсырыс берушінің техникалық сипаттамасының қосымшасы болып табылатын жұмыс жобасында сатып алынатын тауар құрамына кіретін жабдық өндірушілерінің атаулары көрсетілген», – делінген хатта.

Осылайша, бақылау көрсеткендей, тендерлік құжаттамаға қосымша ретінде берілген жұмыс жобасында құрал-жабдық өндірушілерінің нақты атаулары болған. Бұл «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алулары туралы» Заң талаптарына қайшы келеді.

Осыған байланысты тапсырыс берушіге заңбұзушылықтарды жою туралы және сатып алуларды жою, жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолдану жөнінде хабарламалар жолданды. Қазір №1101810 және №1094679 сатып алулары ресми түрде жойылды.

«Атамекен» ҰКП аталған нәтижеге кәсіпкерлердің белсенді ұстанымы мен Палатаның бірлескен әрекеттері арқылы қол жеткізілгенін атап өтті.

«Біз бизнес қауымдастықты ары қарай да реттелетін сатып алуларда анықталған заңбұзушылықтар туралы уақтылы хабарлап отыруға шақырамыз. Тек осылай ғана ашықтықты, әділеттілікті және нарықтағы барлық қатысушылар үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге болады», – деп атап өтті Сатып алуды реттеу департаментінің директоры Руслан Шоқаев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174