«Автокомпоненты KZ» – арнайы техниканы өндіретін қазақстандық зауыт өндіріс ауқымын кеңейтуде
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы инвестициялық жобаларды іске асыру аясында Қазақстандағы арнайы және мамандандырылған техниканың жетекші өндірушілерінің бірі – «Автокомпоненты KZ» зауытында болды.
Компания нарықта 10 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді және мемлекеттік органдар мен ірі жеке компаниялардың сенімді серіктесі ретінде танылды. Кәсіпорынның тұрақты серіктестерінің қатарында «Семаз» ЖШС, «Камаз-Инжиниринг» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бар.
Зауыт кең ауқымды техниканы өндіреді: автоцистерналар, түрлі сыйымдылықтағы жанармай құю машиналары, өрт сөндіру және апат-құтқару көліктері, коммуналдық және жол-құрылыс техникасы, күштік құрылымдарға арналған арнайы машиналар, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, жол талғамайтын көліктер, қар-батпақ жүргіштер және басқа да техника түрлері.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында зауыттың өнімдері «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген қаржыландыру аясында ұсынылады, бұл өз кезегінде отандық компаниялар үшін қолжетімділікті арттырады. Сонымен қатар, кәсіпорын мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысады және Қазақстан Республикасының Сенімді импорттаушылар тізіліміне енгізілген. Бұл факт брендке деген жоғары сенімнің көрсеткіші болып табылады.
2025 жылы «Автокомпоненты KZ» жылына 300-ден астам техника шығаруға есептелген заманауи өндірістік алаңды іске қосты. Өндіріс жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған, бұл жол талғамайтын жүк көліктерінің шассиінде техника шығаруға және клиенттерге жобалаудан бастап құрастыруға дейін, сондай-ақ сервистік қызмет көрсетуге дейінгі толық циклді ұсынуға мүмкіндік береді.
Зауыт тек сериялық үлгілерді ғана емес, сонымен қатар бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың ерекшеліктерін ескере отырып, жеке тапсырыстар бойынша техниканы да шығарады.
Компанияның негізгі мақсаты – сапасы мен сенімділігі бойынша арнайы техниканың ұлттық нарығындағы көшбасшылардың қатарына ену. Өндірістік үдерістерді үздіксіз жетілдіру, инновациялық шешімдерді енгізу және модельдер қатарын кеңейту кәсіпорынға саладағы позициясын нығайтуға әрі Қазақстанның индустриялық дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: