Кәсіп бар, кадр жоқ
Абай облысының Кәсіпкерлер палатасында «Жұмысшы мамандықтары – экономиканың негізі: түлектерді жұмыспен қамту және еңбек нарығының қажеттілігін қамтамасыз ету жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялау жөнінде берген тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Бұл бастама өңірде де айрықша мәнге ие болып отыр. Себебі қазіргі таңда Абай облысында білікті жұмысшы кадрлар тапшылығы айқын сезілуде.
Экономиканың негізгі салаларында – құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және қызмет көрсету бағыттарында жұмысшы мамандарға деген сұраныс артып келеді. Дәнекерлеуші, құрылысшы, тракторшы-механизатор, электромонтер, жүргізуші сияқты кәсіп иелерінің жетіспеушілігі өңірлік еңбек нарығында өткір проблемаға айналған. Кәсіпорындар мен шаруашылықтарда жұмыс күші тапшы болғандықтан, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға кедергілер туындауда.
Сонымен қатар, колледждерді тәмамдаған жастардың еңбек нарығында сұранысқа іліге алмауы да өзекті мәселе болып отыр. Жыл сайын өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жүздеген түлек дайындағанымен, олардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайды. Бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Біріншіден, білім беру бағдарламалары мен материалдық-техникалық базасы заманауи өндіріс талаптарына толық сәйкес келмейді. Көптеген оқу жабдықтары кеңес дәуірінен қалған, әрі тозығы жеткен. Екіншіден, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс жеткілікті деңгейде жолға қойылмаған. Үшіншіден, студенттердің оқу барысында алған теориялық білімдері тәжірибеде тереңдей бермейді, өндірістік машықтары толық қалыптаспай шығады. Одан бөлек түлектердің едәуір бөлігі оқу аяқталған соң келісімшарт негізінде әскери қызметке кетіп, кейін өз мамандығы бойынша еңбекке оралмайтыны да айтылды.
Дөңгелек үстелде осы мәселелер кеңінен талқыланды. Қатысушылардың пікірінше, еңбек нарығындағы тепе-теңдіктің бұзылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етпей қоймайды. Бір жағынан – кәсіпорындарға маман жетіспейді, екінші жағынан – жастар өз мамандығына сай жұмыс таба алмай, басқа салаларға кетіп жатыр немесе мүлде жұмыссыз қалуда. Мұндай жағдайда кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына бейімдеу аса маңызды екені атап өтілді.
Бүгінгі таңда облыстың ауылдық өңірлерінде де жұмысшы мамандықтарының маңызы артып келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығында еңбек ететін механизаторлар, мал шаруашылығы саласындағы техниктер, ауылдық инфрақұрылымды дамытатын құрылыс мамандарының тапшылығы сезілуде. Бұл ауыл жастары үшін де кәсіби білім алып, өз туған жерінде жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін бағыттардың бірі бола алады.
Жиын барысында көтерілген мәселелер жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыру қажеттігін де айқындады. Қазіргі таңда жастардың көпшілігі кеңседе жұмыс істеуді, жоғары білімге ұмтылуды жөн көреді. Ал жұмысшы кәсіптеріне сұраныс артқанымен, оған қызығушылық төмен болып отыр. Бұл көзқарасты өзгерту, жұмысшы мамандықтарының экономикадағы стратегиялық рөлін кеңінен насихаттау – уақыт талабы.
Дөңгелек үстел жұмысына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың жауапты бөлімдері, кәсіпкерлер мен бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы мен салалық кеңестер қатысты. Олар ортақ пікір ретінде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, білім беру жүйесі мен бизнес арасындағы байланысты күшейту – аймақтың дамуы үшін шешуші қадам екенін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: