Теңсіз тарифтер мен техникалық тосқауылдар: әлеуметтік қызмет көрсетушілердің дабылы
Курчатов қаласында Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Іс-шара оффлайн және Zoom платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылды.
Жиынның алғашқы күн тәртібінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асқан мектепке дейінгі мекемені қайта құру жобасы бойынша өтемақы төлемінің кешіктірілуі сөз болды. Жекеменшік серіктестің өз міндеттемелерін толық орындағанына қарамастан, мемлекеттік орган тарапынан сараптама рәсімінің ұзаққа созылуы және төлемнің кешігуі кәсіпке кедергі болып отыр. Кеңес мүшелері төлемнің созылуын негізсіз деп танып, жауапты бөлімге бұл мәселені жедел түрде мәслихаттың қарауына шығарып, шешуді тапсырды. Сонымен қатар, Палата бұл жағдай бойынша бақылауды толық орындалғанға дейін жалғастырады.
Кеңесте қаралған екінші мәселе – арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымның қызметі үшін төлемнің жүргізілмеуі. Қажетті құжаттар рәсімделгенімен, төлем жүзеге аспаған. Бұған себеп ретінде порталдағы техникалық шектеулер мен келісімшарттың болмауы айтылды.
Кеңес мүшелері мұндай әрекеттер заңға қайшы екенін және әлеуметтік салада мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарға бірдей талаптар мен мүмкіндіктер қарастырылуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Палата Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми ұсыныстар жолдайтын болды. Ұсыныстар қатарында ақпараттық жүйені жетілдіру, көшу кезеңіне арналған ережелерді енгізу, барлық қызмет көрсетушілерге ортақ ең төменгі төлем мөлшерін белгілеу және бірыңғай тарифті заңнамалық тұрғыда бекіту секілді мәселелер бар.
Сонымен бірге, өңірлік басқармаға әлеуметтік қызметтердің қаржыландыру тәртібін қайта қарап, жекеменшік ұйымдардың мүддесін ескеруді және заң нормаларын бірізді қолдануды қамтамасыз ету ұсынылды. Ал қалалық бөлімге жүйедегі техникалық мәселе шешілген соң төлем құжаттарын әзірлеп, төлемді жүзеге асыру тапсырылды.
Отырыста қозғалған мәселелер әсіресе әлеуметтік бағыттағы қызметтер саласында орын алып отырған теңсіздікті айқын көрсетті. Қабылданған ұсынымдар мен тапсырмалар арқылы Кеңес тек кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың қоғамдағы маңызды рөлін мойындау қажеттігін де алға тартып отыр. Әлеуметтік салада әділеттілік пен тең бәсекелестік орнамайынша, бұл бағытта сапалы әрі тұрақты даму туралы айту қиын. Осы ретте Кеңестің бұл жолғы шешімдері нақты әрі нәтижеге бағытталған іс-әрекеттерге жол ашады деп күтілуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: