«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Баршаға ашық жолдар: автожолдарды тозудан сақтау үшін кезең-кезеңімен пайдалануға беру құқығын қамтамасыз ету

2025 жылғы 31 Шілде
1689 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында автожол нысандарын кезең-кезеңімен пайдалануға беру мәселесі талқыланды. Бұл тәсіл бұрыннан салынған учаскелердің тозуын болдырмауға бағытталған.

Жиынға Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Астана қаласы және Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, салалық қауымдастықтар және жол-құрылыс саласының кәсіпкерлері қатысты.  

Отырыс барысында автожолдарды кезең-кезеңімен іске қосу жаңа жолдарды тезірек пайдалануға берудің тиімді тетігі ретінде ұсынылды. Бұл тәсіл шектеулі қаржыландыру жағдайында, күрделі климаттық және географиялық жағдайда, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде ерекше өзекті болып отыр. 

«Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Данияр Молкеновтің айтуынша, бизнес өкілдерінің автожолдарды кезең-кезеңімен және іске қосу кешендері бойынша пайдалануға беру тәртібіне қатысты бірқатар сұрақтары бар. Көбінесе жобалау-сметалық құжаттама бөліп-жармай, жолдың барлық ұзақтығына арналып жасалады. Бұл құрылысы аяқталған учаскелерді бөлек қабылдап, қозғалысты ерте бастауға мүмкіндік бермейді.

Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдар құрылыс компанияларын тиісті рәсімдер жүргізілмегеніне қарамастан, жолдың дайын бөлігін пайдалануға ашуға мәжбүрлеп жатады.

Осыған байланысты мердігерлер автожол құрылысы барысында дайын учаскелерді пайдалануға беріп, оларды жергілікті атқарушы органдардың балансына тапсыру мүмкіндігін сұрайды.

«Бұл мәселе бұған дейін де Құрылыс және ТКШ істері комитетімен талқыланған. Сол кезде де жобаның кезеңдерге бөлінбегеніне қарамастан, ірі жол жобаларын кезең-кезеңімен пайдалануға беру мүмкіндігі заңнамада көзделгені айтылған. Бұл Ұлттық экономика министрінің бұйрығында бар, – деді Данияр Молкенов.

Алайда, осы норманы практикада қолдану барысында жол құрылысымен айналысатын кәсіпкерлер бірқатар қиындықтарға тап болды. Атап айтқанда: жобаны түзету, барлық рұқсаттар мен сараптамаларды алу, сондай-ақ әрбір учаскеге құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы қайтадан хабарлама беру қажеттілігі туындайды.

«Негізгі мәселе – кейбір жол учаскелері ресми қабылдау рәсімдері аяқталмай жатып пайдалануға беріледі. Бұл – барлық тараптарға, әсіресе әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға, сондай-ақ құрылыс компанияларына қатысты мәселе. Мұндай тәжірибе мердігерлер үшін қосымша тәуекелдер тудырады. Біріншіден, кепілдік мерзім объект толығымен пайдалануға берілгеннен кейін ғана есептеледі. Екіншіден, уақытша ашылған жол учаскелерінде азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер артады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайда мемлекет тарапынан бақылау аз, ал бүкіл жауапкершілік мердігерге жүктеледі, – деді Қазақстан Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Кезең-кезеңімен не ішінара пайдалануға беру – бұл жолдардың немесе олардың бөліктерінің құрылыс жұмыстары толық аяқталмай тұрып, дайын учаскелерін пайдалануға беру. Мұндай тәсіл, әсіресе, ірі қалалар мен жүктемесі жоғары бағыттарда жол қозғалысын жеңілдетуге көмектеседі. Мұндай шешімнің пайдасын халық та, мемлекет те, бизнес те көре алады.

Астана қаласының МСҚБ өкілдерінің айтуынша, әрбір енгізілетін жол учаскесіне құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама қажет. Ал ондай хабарламаны бөлек әзірленген жоба болмаса алу мүмкін емес.

«Иә, егер тапсырыс беруші құрылыс барысында объектіні іске қосу кешендері немесе кезеңдер бойынша пайдалануға беруді шешсе, жобаға түзету енгізу және кешенді ведомствоаралық сараптамадан қайта өту талап етілмейді. Бірақ мұндай мүмкіндіктер жобалау кезеңінде ескерілгені дұрыс. Бұл нақты жағдай – жекелеген ерекшелік болса да, жалпы алғанда жобаны километрмен, кезеңдермен бөліп жоспарлау еш қиындық тудырмайды. Сонымен қатар, әр кезеңді пайдалануға беру кезінде құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына қайта ұсыну қажет. Бірақ бұл жағдайда да қосымша кешенді сараптама қажет емес, – деді Құрылыс және ТКШ істері комитетінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Серік Нәбиев.

Осылайша, уәкілетті органның түсіндірмесі бойынша, егер кезең-кезеңімен пайдалануға беру жобаның сметалық құнын арттырмаса және бастапқы техникалық шешімдерге әсер етпесе, кешенді сараптамадан қайта өтудің қажеті жоқ.

Жиын соңында Құрылыс және ТКШ істері комитеті барлық жергілікті атқарушы органдарға жол жобаларын кезең-кезеңімен пайдалануға беру мәселесіне бірыңғай тәсіл қалыптастыру үшін тиісті түсіндірмелер жолдайтынын мәлімдеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер