Бизнеске, балаларға және ата-аналарға соққы
Қызылорда облысында мемлекеттік білім беру тапсырысына мониторинг жүргізу кезінде нормативтік құқықтық актілерді бұзу және өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ, қаржыландырудың қысқаруы салдарынан 90-нан астам балабақша жабылды
2025 жылғы 24 шілдеде Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының өтініші бойынша «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының алаңында Қызылорда және Түркістан облыстарында адал бәсекелестік және білім беру нарығына қол жеткізуге тең жағдай жасау мәселелері бойынша Zoom-жиналыс өтті. Жиынға Бас прокуратураның, Оқу-ағарту министрлігінің, Қызылорда және Түркістан облыстарының жергілікті атқарушы органдарының, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының (ҚҮБҚ) мүшелері қатысты.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, Қызылорда облысында 90-нан астам мектепке дейінгі мекеме жан басына шаққандағы мемлекеттік қаржыландырудан айырылып, жабылуға мәжбүр болған. Мониторинг жүргізу кезінде бұзушылықтардың себебі комиссия мүшелері қызметкерлердің жеке істері, балалардың денсаулық паспорттары, медициналық кітапшалар және жалақы ведомостары сияқты заңнамада көзделмеген құжаттарды сұратқан.
Сонымен қатар, №381 бұйрыққа сәйкес тексерушілер нысан бойынша өтінішті, камералар мен дабыл түймесі туралы мәліметтерді, медициналық мекемемен жасалған шартты, штат кестесін және жалдау шартын қоса алғанда, құжаттардың шектеулі тізбесін ғана талап ете алады.
«Мемлекеттік органдардың мұндай әрекеттері рейдерлік басып алуға және осы бизнестен бәсекелестерді ығыстыруға ұқсас. Нәтижесінде кәсіпкерлер ғана емес, балалары бар ата-аналар да зардап шекті, олар бір түнде балабақшалардағы орындарынан айырылды», - дейді ҚҮБҚ төрағасы Лейла Куленова.
Сонымен қатар, басқосуға қатысушылар балаларды биометриялық есепке алу жүйесін енгізу мәселелерін және ваучерлер таратылатын «SmartNation Балабақша» платформасының жұмысын талқылады. Қазіргі уақытта жаңа жүйені іске қосу үшін құқықтық базаның жоқтығы айтылды. Бұл балабақшалардың жұмысына кедергі келтіреді.
Жиын қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігінің, Бас прокуратураның және жергілікті билік органдарының өкілдері жағдайды мұқият түсініп, бұзушылықтарды жоюға уәде берді. Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы мемлекеттік органдарды бір ай ішінде мемлекеттік қызмет шарттарына сәйкес мектепке дейінгі мекемелерді толық қаржыландыруға шақырды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: