«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Павлодар палатасы «Атамекен» мен Омбы облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2025 жылғы 02 Шілде
- Павлодар облысы
585 просмотров

Павлодарда екі өңірдің бизнес қауымдастықтарының кездесуі өтті. Іс-шараның модераторы – «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерканат Әбенов болды. Кездесуге Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожинов, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, екі өңірдің кәсіпкерлері және тараптардың уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Серік Батырғожинов құттықтау сөзінде Омбы облысы тарихи тұрғыдан Павлодармен әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықтағы басты әріптестердің бірі екенін атап өтті. Ол екі өңір әкімдіктері алдағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын айтты.

«Омбы облысының бизнес өкілдерін Павлодар жерінде құшақ жая қарсы аламыз. Біздің кәсіпкерлермен бүгін ғана емес, болашақта да өздеріңізге тиімді әріптестік табады деп сенемін», – деді ол омбылық қонақтарға.

Виталий Хоценко Ертіс өзенінің жүк тасымалдау тарихына тоқталып, бұл «жеткілікті бағаланбаған су арнасы» екенін айтты. Қазақстан мен Ресейдің ондаған миллион тонна жүгі осы өзен арқылы Солтүстік Мұзды мұхитқа жеткізілген.

«Кеше біз Солтүстік теңіз жолы арқылы Омбы мен Павлодарға дейін жүк жеткізу туралы айттық. Қазір жабдықтар орнатуға дайын тұр. Сондықтан бізде өте жақсы мүмкіндіктер бар. Ең бастысы – жиі қарым-қатынас орнатып тұру. Әсіресе бизнес саласы бір-бірімен тығыз байланыста болғаны жөн», – деді Омбы облысының губернаторы.

Омбы облысы үкіметі төрағасының орынбасары, Омбы облысының Ресей Үкіметіндегі өкілі Андрей Шпиленко Омбы өңірінің инвестициялық тартымдылығы және инвесторларды қолдау құралдары жайлы баяндады. Атап айтқанда, Омбы-Фёдоровка жаңа әуежайын салу жөніндегі инвестициялық жобаның жүзеге аса бастағанын хабарлады.

«Жобаның инвестиция көлемі – 43 миллиард рубльден асады. Бұл біздің жақсы көршілеріміз үшін – өз өнімдеріңізді, жиынтық бөлшектер, шикізат және материалдарды жеткізуге мүмкіндік. Әуежай маңында логистикалық инфрақұрылым дамиды. Сіздерді күтеміз!», – деді ол.

Омбы облысындағы «Мемлекеттік өнеркәсіп дамыту қоры» коммерциялық емес ұйымының директоры Светлана Баженова өңірде бірлескен өндіріс ашуға немесе қандай да бір өндірісті локализациялауға дайын екендерін жеткізді.

Іс-шара барысында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Мәдениет Ахметов пен «Авангард» өнеркәсіптік өндіріс типіндегі арнайы экономикалық аймағының бас директорының орынбасары Михаил Деревянко, сондай-ақ Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерканат Әбенов пен Омбы облысы Сауда-өнеркәсіп палатасы одағының президенті Ольга Федулова ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

Іс-шара аясында бірнеше баяндамалар жасалды. Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Дұғалұлы өңірдің инвестициялық тартымдылығы жөнінде баяндама жасады. Кәсіпкерлікті қолдау қоры атынан Павлодар Ертіс өңірінің кәсіпкерлеріне Омбы облысының делегациясы ресми түрде таныстырылды.

Сондай-ақ Павлодар және Омбы компанияларының өкілдері арасында нәтижелі B2B кездесулер өтті. Олардың қатарында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің және салалық кеңестердің мүшелері де болды. Кәсіпкерлер екі ел шекарасындағы бизнесті дамытуға қатысты маңызды мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер