Неміс тәжірибесі: Қазақстандық кәсіпкерлер Германиядағы тағылымдамаға дайындалуда
Астанада Германияда бизнес-тағылымдамадан өтуге таңдалған кәсіпкерлерге арналған кіріспе семинар өтті. Бұл іс-шара қатысушыларға неміс GISMA бизнес-орталығының сарапшыларынан бағалы білім алуға және шетелге сапарға дайындалуға мүмкіндік береді.
Биылғы тағылымдама 24 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді. Бұл Қазақстан кәсіпкерлері үшін неміс нарығының ерекшеліктерін біліп, түсінуге және әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуға пайдалы тәжірибе болмақ.
Кіріспе семинар аясында жоба жетекшісі, доктор Юлия Мориц және ментор Франк Нойманн Германияда серіктес іздеу тәсілдері, жобалық менеджмент негіздері, іскерлік қарым-қатынастағы мәдени айырмашылықтар және SMART-мақсаттарды қою әдістерімен бөлісті. Кооперациялық жобаларға дайындық мақсатында сарапшылармен жеке кеңестер қарастырылған.
«Partnering in Business with Germany» бағдарламасы мен «Іскерлік байланыстар» құралы қазақстандық кәсіпкерлерге кең мүмкіндіктер ашады. Теориялық дайындықтан бөлек, тағылымдама аясында қатысушылар Германияның жетекші кәсіпорындарына барып, үздік бизнес тәжірибелерімен танысады. Сарапшылармен бірге іске асқан жобаларға талдау жасалады. Қазіргі заманғы технологияларды іс жүзінде көріп, неміс бизнес өкілдерімен танысу арқылы олар Қазақстан мен Германия арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестікке жол ашады.
Айта кетейік, «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы 2011 жылы басталды және оның алғашқы операторы «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры болды. 2016 жылдан бастап бағдарламаны ұйымдастыру операторы – «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атқарады, ал жауапты мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: