«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҰКП Форсайт-форумда бизнес-қауымдастыққа экожүйенің жаңа моделін ұсынды

2024 жылғы 12 Қазан
3379 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елордада «Translogistica Kazakhstan» халықаралық көрмесі қарсаңында өткен «Көкжиек-2035: жасанды интеллект және болашақтың көлігі» форсайт-форумына қатысты. Аталған форум Қазақстан үшін жаңа леп әкелді, өйткені «форсайт» форматы болашақты болжауды және ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлескен іс-қимылдарды келісуді көздейді.

Форумның негізгі қатысушыларының бірі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма мүшесі Мұрат Амрин болды. Өз сөзінде ол бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған бірегей идеяны ұсынды. Амриннің айтуынша, Қазақстандағы бизнестің негізгі проблемаларының бірі – көптеген ақпараттық жүйемен жұмыс істеудің күрделілігі. Ұлттық палата мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық экожүйенің жаңа моделін әзірледі.

«Бүгінде бизнеске арналған портал egov.kz платформасындағы «Бизнеске» бөлімінде кәсіпкерлерге қолжетімді. Алайда, біздің ойымызша,  порталдың ағымдағы жай-күйі бизнес үшін ыңғайсыз. Біз барлық мемлекеттік жүйелерді бір терезеге біріктіретін кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетімен бизнеске арналған қызмет көрсету Маркетплейсін құруды ұсынамыз. Бұл мемлекеттік қолдау қызметтері мен шараларына қол жеткізуді едәуір жеңілдетеді», - деп атап өтті Амрин.

Нәтижесінде деректер өңірлер мен органдар бойынша ұсынылған өзекті мәселелерден тұратын Үкіметтің дэшбордын қалыптастырады. Цифрландыру бизнес пен мемлекетке тиімдірек өзара әрекеттесуге және одан әрі дамуды болжауға мүмкіндік бере отырып, деректердің бұрмалануын болдырмауда шешуші рөл атқарады.

Қазақстан экономикасындағы негізгі салалардың бірі болып табылатын көлік саласы назардан тыс қалған жоқ. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров көлік дәліздері мен жол инфрақұрылымын басқаруға цифрлық технологияларды енгізу туралы айтты. Автоматтандырылған салмақты бақылау бойынша пилоттық жоба өз нәтижесін бере бастады.

«Астана маңында жеті автоматтандырылған өлшеу жүйесі орнатылды. Қысқа уақыт ішінде 3 млрд теңге көлемінде айыппұл есептелді. Біз бұл тәжірибені  одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз», - деді Қалиақпаров.

Сонымен қатар Қазақстанның көлік жүйелері біртіндеп электронды тауар-көлік жүкқұжаттарына көшуде, бұл жолдардың тозуын едәуір қысқартып, олардың қызмет ету мерзімін ұзартады. Автожолдардың жай-күйін диагностикалауға ЖИ енгізу ақауларды жоғары дәлдікпен жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бұл болашақта жөндеу шығындарын азайтып, ел бойынша жолдардың сапасын жақсартады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Сауранбаев атап өткендей, темір жолдарды цифрландыру бүгінде өзекті болып отыр. Спикер компанияның мақсаты – бұлтты технологиялар, ЖИ және деректерді талдау арқылы «ақылды» теміржол құру екенін атап өтті. «ҚТЖ» негізгі жобаларының бірі –Wabtec-пен серіктестікте жасалған Kinetix жүйесін енгізу болды. Бұл өз кезегінде пойыздардың қозғалысын басқаруды оңтайландыруға және кідірістерді азайтуға мүмкіндік берді.

Форумды TLK Media, Н. Есенғариннің көлік бастамаларын дамыту қоры, ҚР корпоративтік коммуникациялар қауымдастығы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, ҚР Көлік министрлігінің қолдауымен «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағы ұйымдастырды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер