«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда «Enactus» әлемдік кубогы өтуде: 33 елдің студенті чемпиондық атақ үшін сайысқа түседі

2024 жылғы 02 Қазан
4899 просмотров

2-4 қазан аралығында елордада студенттік кәсіпкерлік бойынша маңызды оқиғалардың бірі өтуде. Оған ТМД аумағында алғаш рет 33 елден 2000-нан астам студенттер, сондай-ақ халықаралық бизнес-топтардың өкілі мен бақылаушылар қатысып жатыр. Аталмыш шара студенттік кәсіпкерліктің маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, Қазақстанды жаһандық бизнес-бастамалар үшін жаңа алаң ретінде көрсетеді.

«Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы және Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов өзінің құттықтау сөзінде форумның еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі форум – іскер қауымдастық үшін өзара пікір алмасу, байланыс орнату және бірлескен жобаларды іске қосудың бірегей мүмкіндігі. 30-дан астам елден келген бизнес өкілі Қазақстанның өңірлеріне барып, табиғи сұлулыққа, сондай-ақ инвестициялар үшін зор мүмкіндікке таңданыстарын жеткізді».

Қазақстанның инвестклимат пен іскерлік ортаны жақсарту жөніндегі шараларын атап өтіп, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов елдің жаһандық мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Қазақстан – Еуразиялық кеңістіктің бесігі, сонымен қатар бизнесті, логистика мен технологияларды дамытудағы басты қатысушы. Біздің мақсатымыз – 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы екі есе арттыру және $150 млрд инвестиция тарту», - деді ҚР СІМ өкілі.

«Enactus World Cup» үш күндік бағдарламасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылған Business Collaboration Forum-нан бастау алды. Бизнес көшбасшылары халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, студенттік бастамалар мен бизнесті дамытудағы Қазақстанның рөліне тоқталды. Спикерлер арасында «Enactus Canada» негізін қалаушысы әрі төрағасы Иэн Эйткен, «Resolution Project» Бас директоры Джордж Циатис, Оңтүстік Африкадағы «Harmony Gold» компаниясының атқарушы директоры доктор Машего Машего, «Bentley Systems» бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу жөніндегі директоры Иван Гаспаретто бар.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов мұндай шаралар халықаралық сауда байланыстары мен инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

«Біз Халықаралық сауда палатасы (ICC) және Әлемдік сауда палаталары Федерациясы сияқты беделді ұйымдардың мүшесі болғанымызды мақтан етеміз. Осы желілер арқылы біз сауда, инвестиция және технологиялармен алмасуға жол ашамыз», - деді Қарымсақов.

Қазақстан намысын І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің командасы қорғайды. Антиоксиданттар, каротиндер және өсімдік ақуыздары тәтті жүгерінің жоғары жаңа сортын өсіруге бағытталған «Sweet Rainbow» жобасымен әлемдік аренада Қазақстанның атынан әлем чемпионы атағы үшін күресуде.

Іс-шара қарсаңында басқа елден келген делегациялар еліміздің Маңғыстау мен Алматы облысындағы кейбір өңірлеріне барып үлгерді. «Enactus Canada» негізін қалаушысы әрі төрағасы Иэн Эйткен көптеген шетелдік қонақтар үшін елімізге жасалған сапар тың жаңалыққа толы болғанын атап өтті.

«Бұл менің Қазақстанға жасалған алғашқы сапарым. Астанаға Enactus World Cup-қа келгенімде, сіздердің елдеріңіз бен жасап жатқан істеріңіз көпшілікті таңғалдырды», - деп Иэн Эйткен өз әсерлерімен бөлісті.

Әлемдік кубок аясында елорда қонақтары мәдени жәрмеңкеде Қазақстанның бай мұрасымен танысып, іс-шара финалистер арасындағы байқаумен және «SDG Collaboration Hub» жобаларын ұсынумен аяқталады. Мұнда үздік студенттік бастамалар әлемдік бизнес көшбасшыларының назарын аударуға мүмкіндік алады.       

 

Анықтама үшін: «Enactus» бағдарламасы 45 жылдан астам уақыт бойы студенттік кәсіпкерлікті дамытып келеді. Бүгінде жас дарындар Enactus аясында 4 мыңға жуық жобаны жүзеге асырды. Статистикаға сәйкес, қатысушылардың 20% - дан астамы кәсіпкерлікпен айналысады. Қалған 80% практикалық дағдыларды игеріп, табысты жұмысқа орналасуда.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер