«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ресей ағаш материалдарын көлікпен әкетуге тағы үш өткізу пунктін ашты

2023 жылғы 06 Маусым
4503 просмотров

Ресей РФ аумағынан ағаш материалдарын тасымалдау үшін қосымша өткізу пунктерін ашты. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарымен шектесетін Кулунда, Веселоярск және Ольховка өткізу пунктері ашылды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, Қазақстан-Ресей шекарасының ұзақтығын ескере отырып, «Атамекен» ҰКП жұмыс істеп тұрған отыз бекеттің  қосымша тоғызын ашуды сұрады.

«Қазіргі кезде жиһаз шығаратын және ағаш өңдейтін  300-ден аса отандық кәсіпорын ресейлік ағаш материалдарын қолданады. Олардың көпшілігі жиһаз және ағаш бұйымдарын өндіру үшін теміржолмен жеткізілген  бөрене материалдардың қымбатшылығына байланысты қиындықтарға тап болды. Шекарада қосымша өткізу пункттерін ашу шикізатты жүк көліктерімен жеткізуге мүмкіндік береді және оның өзіндік құнын төмендетеді», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

Спикер елге ағаш материалдары көрші елдің Алтай өлкесінен тасымалданатынын айтты. Қазақстанда ағаш өңдейтін кәсіпорындардың көбі Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында орналасқандықтан, қосымша ашылған үш өткізу пункті өте ыңғайлы болды. Алайда Ұлттық палата Ақтөбе облысы арқылы өткізу пунктін ашуды сұраған. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады.

 Еске салсақ, 2022 жылдың қаңтарында Ресей тарапы ағаш өнімдерінің жекелеген түрін автокөлікпен тасымалдауға тыйым салған болатын. Бұдан басқа өткен жылдың қыркүйегінде ағаш материалдарының кейбір түрін РФ-тен Қазақстанға теміржол арқылы ғана тасымалдауға рұқсат берілді. Бұл тыйым ағаш материалдарын Ресейден Қазақстанға әкету бойынша жағдайды одан әрі қиындатты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өтініштерінің негізінде бұл мәселені мемлекеттік органдар алдында, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде бірнеше рет көтерді. Нәтижесінде, осы жылдың басында көрші ел Қазақстан-Ресей шекарасында үш автомобиль өткізу пунктін ашты. Бұл Қостанай облысындағы Бугристое өткізу пункті, Батыс Қазақстан облысында – Озинки және Солтүстік Қазақстан облысында Петухово  өткізу пункті. Енді тізім тағы үш бекетпен толықты.

Айта кетейік, Ресей Федерациясы Үкіметі қаулысының нормалары ресми жарияланған сәттен бастап күшіне енеді (Ресей Федерациясы Үкіметінің 02.06.2023 жылғы № 917 қаулысына сілтеме).


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

О нас