«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Туристерді сақтандыру мәселесі әлі де өзекті

2016 жылғы 30 Қараша
11890 просмотров

Туристер құқығының қорғалуы, әсіресе шет елге шыққан азаматтың қауіпсіздігінің сақталуы, сапалы қызмет көрсетілуі маңызды мәселе

Туристерге қызмет көрсетіп отырған туристік агенттіктер мен операторлардың да құқықтарының қорғалуы, жұмысының сақтандырылуы да өзекті тақырыптың бірі. Осы орайда күнтәртібіндегі «Сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын кеңінен талқылаудың да маңызы зор екені анық. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның қатысуымен өткен кеңес осы мәселеге арналды.

«Сақтандыру компанияларына қатысты мәселе шешілмей тұр. Кепілді сақтандыру сол қалпында, бұған қоса жарналар көбейді. Туристік операторлар мен туристік агенттіктердің пайыздары ең соңында тұтынушының мойнына артылады. Жаңадан құрылған қор бойынша да кемшін тұстар бар. Туристік кеңістіктегі сатылымдардың да түйткілдері баршылық. Міне, осы аталған мәселелер оң шешімін тауып, 2017 жылы қабылданатын заңға енгізілуі тиіс. Біздің мақсат – заң арқылы сыртқы туризмді жаңа деңгейге көтеру», – деп атап өтті  ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

ҚР Ұлттық банкінің сақтандыру қадағалау департаментінің директоры Жанат Құрмановтың айтуынша, Ұлттық банк әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қазіргі таңда бірнеше ұсыныстар беріп отыр. «Бірінші, туристік агенттіктердің/операторлардың азаматтық-құқықтық жауапкерлік бойынша міндетті сақтандыруды алып тастау. Екінші – осы міндетті сақтандырудың орнын алмастыратын балама табу. Үшіншісі – ерікті сақтандыруды енгізу. Бұл үш ұсыныс туристік операторлардың/агенттіктердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға қатысты», – дейді Жанат Құрманов.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық банк халықаралық тәжірибені бағамдай келе тағы бір жол ұсынған. «Туристерді де сақтандыру туралы ұсыныс енгізе отырып, заңнама жобасының тұжырымдамасын өзгерту керек деп отырмыз. Біз турист шетелге шыққанда қандай тәуекелге баратынын, қандай қиындықтарды бастан кешетінін сараптай келе, Тәуекел картасын жасадық. Осы тәуекелді нарық қатысушыларының арасында қалай бөлу керектігі де талқыланғаны абзал», – дейді ол.  

Сарапшының айтуынша, міндетті және ерікті сақтандыру аясында туроператорлар мен турагенттіктердің жауапкершілігі қандай, құрылған қордың жауаптылығы қандай, міндетті сақтандыру аясында жолаушылар тасымалдаушы мекемелердің жауапкершілігі қандай, туристің өзінің жауапкершілігі қаншалықты болады, сақтандырушыларға қандай жауапкершілік жүктеледі деген бірнеше сауалдар туады. Әрине, туристердің мүддесін қорғауда бұл мәселе де жан-жақты талқылауды қажет ететіні анық.

Талқылау барысында «Гелиос» компаниясының өкілі Айгүл Сейтжанова  туристік агенттіктерден азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруды алып тастау мәселесі орынды, дегенмен туристік операторлардан азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды алып тастауға асығыстық танытпау керек дегенді алға тартты. Ал Алматыдан байланысқа шыққан Әсел Нұркебаева әрбір туристі жеке сақтандыру ұсынысы туристік агенттіктерге де, сақтандырушыларға да тиімді екендігін жеткізді.

Алматы облысы ішкі туризмді дамыту қауымдастығының төрағасы Қанат Елеусізов сыртқы туризм жүйесіндегі осал тұстарға тоқталды. «Сыртқы туризмде барлық алаяқтық әрекеттер демалысты алдын ала брондау кезінде болып отыр. Жалған туроператор осы бағытта қомақты соманы жинаған соң біздің нарықтан шығып, шетелге қашып кетеді. Сондықтан біз осы қауіпті аймақты назарға алып, нарықты алаяқтардан қорғау тетіктерін ойластыруымыз қажет. Осал жеріміз осы», –  деді Қанат Елеусізов.

«Туристік Қамқор» қорының төрайымы Ирина Рейдің айтуынша, бүгінгі таңда туропертор мен турагенттік арасындағы келісімнің ешқандай маңызы болмай тұр. Енді кепілдендіру қорын енгізгеннен кейін туроператор алдында нақты міндеттер тұрады, турагенттік оның тауарын сатады, сондықтан туроператор агенттіктің жұмысын қадағайлады. Ал турагенттік  келісімге отырмай тұрып туроператордың нарықтағы беделі мен тұрақтылығын саралайды. Сонда ғана алдын ала брондауда мәселе туындамайды.

Сонымен 160-қа жуық туристік агенттік және сақтандыру компанияларының өкілдері қатысқан жиынында онлайн режимде 16 қаламен байланыс орнатылып, аймақтағы туристік агенттік өкілдерінің сауалдары мен ұсыныстары тыңдалды. «Атамекен» ҰКП осы бағыттағы талқылауларды әлі жалғастыратын болады.

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер