«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отандық тауар өндірушілер мүддесін қорғау мүмкіндіктері

2016 жылғы 30 Қараша
12018 просмотров

Тауардың шыққан елін анықтау және сертификаттауда біліктілігін көтеру тақырыбында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы семинар-тренинг ұйымдастырды

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандарының қатысуымен өткен іс-шара – аталған сала бойынша алғаш ұйымдастырылып отырған тренинг.  

Ұлттық палатаға кәсіпкерлер мен тауар өндіруші ұйымдар тарапынан берілген сертификаттардың талапқа сәйкес келмеуіне қатысты сұрақтар жиі түседі. Жолданған сауалдарға жұмыс барысында жауап беріліп, нақты істер де атқарылуда. Алайда барлық тиісті тексерулерден кейін мәселені тереңірек талқылау, үрдістерді жүйелеуге бағытталған шешімдерді қарастыру және әкімшілік кедергілерді жою қажеттілігі анықталды.

«Қазіргі кезде тауар өндірушілердің мүддесін қорғау әлем тәжірибесінде алға қойылған мәселе. Мұны үкіметтік емес стандарттар негізінде жүзеге асыру керек. Ал жаңа механизмнің қалыптасуына жұмыла кіріскеніміз жөн. Қазіргі таңда оның шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», ­– деген Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Хаким Сабиров халықаралық сарапшылармен кеңесе отырып, отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғаудың жаңа механизмін енгізу қарастырылып жатқаны туралы айтып өтті.

Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Эльмира Оразованың айтуынша, 2015 жылы жалпы 44 579 экспорттық сертификат, 10 797 СТ-KZ сертификаты, ал 2016 жылы 29 478 экспорттық, 7716 СТ-KZ сертификатты рәсімделген.

«Бүгінгі таңда ішкі аудит бойынша 180-нен астам  ұйым арқылы 200 сертификат әзірленді. Ішкі аудит жүргізу туралы ескертпе алғаннан соң  22 ұйым өз еркімен 40 сертификаттан бас тартты. «Атамекен» ҰКП шешімімен 10 ұйымға берілген 17 сертификаттың күші жойылды. 6 сертификат ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің шешімімен күшін жойды. 100-ге жуық сертификат ішкі аудит бойынша тексеруден өтіп жатыр», –  деді сарапшы.

Тауардың қайдан шыққаны туралы сертификат тауар шығарылған елдің мәліметтері негізінде экпортқа шығаратын елдің заңнамасына сәйкес беріледі. Қазіргі таңда тауардың шыққан еліне қатысты берілетін сертификаттың бірнеше түрі бар. Қазақстан Республикасынан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріне шығарылатын тауарларға ­– СТ-1» нысанындағы сертификат, Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы елдерін қоспағанда, еркін сауда туралы келісім жасалған және пайданылатын елдерге Қазақстан Республикасынан шығарылатын тауарларға – «СТ-2» нысанындағы сертификат, Еуропалық қоғамдастыққа мүше елдерге, сондай-ақ Бас преференциялар жүйесі шеңберінде АҚШ-қа, Канадаға, Жапонияға, Түркияға, Австралияға, Жаңа Зеландияға, Швейцарияға және Лихтенштейнге, Норвегияға экспортталатын тауарларға – «А» нысанындағы сертификат берілсе, басқа елдерге сұранысына қарай ағылшын не орыс тілдерінде «Түпнұсқа» нысанындағы сертификат беріледі. Ал 2009 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында, Қазақстан аумағына арналған «СТ-KZ» нысанындағы тауар шығарылған ел туралы сертификат енгізілді.

«СТ-KZ» нысанындағы тауар шығарылған ел туралы сертификат отандық тауар өндірушілерге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ  жұмыстарында, қызметтерінде және тауарларды сатып алуларына қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар одан кейін де отандық өндірушілер тізіліміне енгізу, тауарды арнайы экономикалық аймақтардан және бос қоймалардан Қазақстан Республикасының аумағының қалған бөлігіне шығарған кезде салықтық және кедендік жеңілдіктер алу мақсатында алынады.

Қазір тауар шығарылған ел туралы сертификатты ресімдеуді, куәландыруды және беруді, сондай-ақ ішкі айналым үшін тауар шығарылған ел туралы сертификат беруді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отыр. Сондықтан нақты ескертулер мен ұсыныстар негізінде жұмыс істеп, туындаған мәселелерді дереу шешкен тиімді.

 

 

Қарлыға Мырзалимова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер