«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан Президенті: «Экономиканы дамыту үшін жаңа драйверлер қажет»

2016 жылғы 01 Қыркүйек
9567 просмотров

Мемлекет басшысы экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту жұмыстарын жандандыруды тапсырды

Ұлттық экономиканы қолдаудың жаңа тәсілдері Үкіметтің алдағы кезекті отырысының басты тақырыбы болмақ. Бұл жөнінде, бүгін Парламенттің VI шақырылымының екінші сессиясының ашылуы барысында, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев хабарлады. 

Н.Назарбаев экономикалық және саяси жағдайдың күрделі екеніне тоқталды. «Қиындықтарды барлық елдер, тіпті, дамыған елдер де басынан өткереді, ал дамушы елдердің мұндай кезеңді басынан кешіруі заңдылық. Бағаның күрт төмендеуі, әлемдік нарықтың құлдырауы халықаралық сауда-саттықты күйретті. Елдер арасындағы инвестиялық ағындар көлемі азайды, тауар айналымы, экспорт, импорт әлсіреді – мұның барлығы Қазақстанға да әсер етті. Себебі, біз де халықаралық экономиканың бір бөлшегіміз»,– деп атап өтті Елбасы.

Мемлекет басшысы мұндай жағдайда барлық бағыттар бойынша қаражатты үнемдеу тәртібін енгізіп, экономикаға құйылатын инвестиция көлемін азайтуға тура келетінін еске салды. Десе де, елімізде Үкімет мен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы жоспарын жүзеге асыру ісі өз жалғасын таппақ. Ол өз кезегінде «уақытылы қосымша шаралармен толықтырылып отыратын болады». 

«Осы айдың алғашқы жартысында біз Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда мен  тұрғындарды жұмыспен қамту және олардың табысын арттырудың жаңа әдістерін ұсынбақпын. Яғни, экономикаға дем беріп, оны дамытуға, банктердің өз жұмысын қайта бастауына, несиеу үшін қажет қаражатқа тоқталамыз», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Алдағы жасалатын жұмыстарға тоқтала кете, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында экономиканы дамытудың жаңа драйверлерін жасаудың бірізділігін одан әрі жалғастыруды тапсырды. Себебі, бағдарламаны жүзеге асыру үшін «елде барлық жағдайлар жасалған».

Үкімет алдында тұрған тағы бір басты мақсаттардың бірі – шикізат өнімінің әлемдік бағасының құбылуына байланысты Қазақстанның оған тәуелділігін азайту жұмыстарын жалғастыру. «Мұнай мен газ бағасы төмендеді және біздің табыс 40%-ға дейін азайды», – деді Н.Назарбаев. 

Қазақстан Президенті «шикізаттық емес өнімдерді өндіретін, экспортқа жұмыс істейтін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету басым бағыттардың бірі» екенін айтты.  

Бұл мақсатта Елбасы жақында бейресми сапармен болған Польша мемлекетінің тәжірибесіне сүйенетін болады. «Олар бұл тұрғыда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жолға қойған, шағын және орта бизнесті дамыту да алға қадам басқан. Олардың экономика және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы шағын және орта бизнес үлесі 67%-ды құрап отыр», – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, экономикалық жетістіктерін зерттеу үшін бір топ маман Польшаға аттанбақ. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер