«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Украинадан Қазақстанға Ресей Федерациясы арқылы жүк тасымалдауға тыйым салынады

2016 жылғы 04 Шілде
16954 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП барлық кәсіпкерлер назарына 1 шілдеде Ресей Федерациясы Президенті биылғы 1 қаңтардағы №1 Жарлығына өзгерістер енгізген жаңа Жарлыққа қол қойғанын ескертеді. Жарлық Украинадан Қазақстанға Ресей арқылы тасымалданатын транзиттік тауарлардың ерекше тізімін нақтылайды.

Жаңа өзгерістерге сай «санкциялық» тауарлар тізіміне ілінген өнімдерге тыйым салынады, әрі нөл пайыздан жоғары кедендік салым төленетін тауарлардың барлығына да тыйым салынған.  

Биылғы 1 шілдеден бастап РФ аумағы арқылы тек Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Бірегей кеден тарифінде (ЕЭОБКТ) нөлдік кеден салымы салынатын тауарлар ғана өткізіледі.

«Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасының орынбасары Дана Жүнісова түсіндіргендей, бүгінгі таңда ЕЭОБКТ аясында нөлдік салым 1908 тауар аталымына қолдынылады екен. Олардың 80 тауарына нөлдік салым тек уақытша қолданылады. Топқа бөліп қарастырсақ, нөлдік салым салынатын тауарларды былай бөліп қарастыруға болады:

  • Көлік жасау – 1103 тауар;
  • Агроөндірістіккешен мен тамақ өндірісі – 161 позиция;
  • Химия өндірісі – 159 позиция;
  • Бағалы емес металдар мен олардан жасалған бұйымдар – 120 позиция;
  • Көлік – 111 позиция;
  • Жеңіл өнеркәсіп – 46 позиция;
  • Минералды өнімдер – 31 позиция;
  • Ағаш өңдеу – 21 позиция;
  • Бағалы және бағалы емес тастар – 11 позиция;
  • Өзге де өндірістік тауарлар – 144 позиция.

Тыйым салынбаған тауарларға бұрын енгізілген тәртіп бойынша беларусьтық шекаралық аймақтар арқылы ЕАЭО аясында алып жүруге мүмкіндік болады. Тек ГЛОНАСС жүйесіндегі пломбаны салу міндетті болмақ.

1 шілдеден бастап бұл Жарлық Украинадан Қырғызстанға да тауар тасымалдауға тыйым салады. Жарлықтың жүзеге асу мерзімі 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Жарлыққа енгізілген өзгерістерге сай ҚР Үкіметі сұрау салар болса, РФ Үкіметі Украинадан Қазақстанға тасымалданатын жекелеген тауарларға рұсқат беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бапта негізінен өндірістік топтың нәзік тауарлары ескеріліп отыр.

РФ қабылдаған нормативті-құқықтың актілеріне сай (РФ Президентінің «Украинаға қатысты еркін сауда аумағы Келісіміне қатысты РФ әрекетін тоқтату» туралы Жарғысы; РФ Президентінің 2014 жылғы №560 «Ресей Федерациясының қауіпсіздігі үшін жекелеген арнайы экономикалық шараларды қолдану» Жарғысы) уақытша тыйым тек Украиндан Қазақстанға жеткізілетін украиналық тауарларға салынады және үшінші елдерден тасымалданатын тауарларға қатысы жоқ.

Үшінші елдерден келетін (Түркия, кейбір еуропалық елдер) тауарды кіргізу шартында бұрыннан бері бар беларусьтық шекаралық аймақтар арқылы енгізу тәртібі сақталады.

«Атамекен» ҚР ҰКП барлық кәсіпкерлерге Украинадан тасымалданатын тауарларға байланысты жағымсыз жағдайға қалмаудың алдын алып, қазақстандық бизнестің шығынға батпауына шара қолдансын деп ескертеді.

Украинадан Қазақстанға тауар тасымалдау бойынша қосымша ақпарат қажет болған жағдайда «Атамекен» ҚР ҰКП Экономикалық ықпалдастық департаментіне хабарласуға болады: 8 7172 91 93 73. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер